Түркістан облысында 20-ға жуық шенеунік жарты миллиардтан астам ақшаны жымқырған (ВИДЕО)
Түркістан облысы Байдібек аудандық білім бөлімінің бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты бюджет қаржысын жүйелі түрде жымқыру дерегі бойынша сот үкімі шығарылды , деп хабарлайды Politico.kz.
Істі Түркістан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті тергеді.
Басшылар, бухгалтерлер мен экономистерді қоса алғанда 18 қызметкер жалақы және өзге төлемдерге арналған бюджеттік өтінімдерді негізсіз көбейту арқылы ауданға қарасты 49 жалпы білім беретін мектептің қаражатын иемденген.
Олар электронды жүйелерге әдейі жалған ақпарат енгізіп отырған. Төлем тізімдері мен есеп парақтарына шын мәнінде жұмыс істемеген адамдардың аты-жөні қосылған немесе жалақы мен үстемақы көлемі себепсіз арттырылған.
Қаржы операцияларын заңды етіп көрсету үшін қызметтік хаттар, бұйрықтар, есеп ведомостары мен жұмыс уақыты табельдері сияқты жалған құжаттар пайдаланылған. Кейбір құжаттар төлем жасалғаннан кейін кері күнмен рәсімделген немесе есепті сәйкестендіру мақсатында түзетілген.
Қаражат жалған тұлғалардың, соның ішінде туыстар мен таныстардың банк шоттарына аударылып, кейін алдын ала келісілген үлес бойынша қатысушылар арасында бөлінген. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген шығын 583 миллион теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер залалды толық өтегені белгілі болды.
Сот шешімімен 14 адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Тағы 4 адамға қатысты іс рақымшылыққа байланысты қысқартылды.
Соңғы жаңалықтар