Түркістанда жоқ мал үшін 271 миллион теңге алғандар сотталды

21.11.2025 12:22 Арман Ермеков
Түркістанда жоқ мал үшін 271 миллион теңге алғандар сотталды
0
171
Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысында мемлекет қазынасына қол сұққан бір топ азаматқа сот үкімі шықты. Олар іс жүзінде жоқ малды бар деп көрсетіп, қыруар қаржыны қалтаға басқан. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Тергеу барысында қылмыстық топтың қулыққа құрылған әрекеті әшкере болды. Аудандық ветеринария қызметінің төрт маманы жергілікті ауыл тұрғынымен ауыз жаласқан. Олар ақпараттық жүйеге шын мәнінде жоқ, ойдан құрастырылған 100 мың бас ұсақ малды тіркеп қойған. Осылайша, шаруа қожалықтарының атын жамылып, мемлекеттен бөлінген 271 миллион теңге субсидияны заңсыз иемденіп, өзара бөліске салған.

Түркістан қалалық соты жалған құжат жасап, алаяқтық жолмен байыған 5 азаматты кінәлі деп таныды.

Үкімге сәйкес, негізгі күдікті саналған төрт маман 5 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Ал бесінші қатысушыға алғашында бас бостандығын шектеу жазасы кесілгенімен, соңынан рақымшылық актісі қолданылып, іс қысқартылды.

Сотталушылардан мемлекет пайдасына 50 миллион теңге өндіріліп алынды. Сонымен қатар, жалпы құны 120 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынды.

Осы орайда қадағалаушы орган өкілдері бюджет қаржысына көз алартқандарға қатаң ескерту жасады. Субсидияны жымқыру – ауыр қылмыс саналады және мұндай әрекет үшін 10 жылға дейін темір торға тоғытылу қаупі бар.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий