ТЖМ су тасқынының ең нашар сценарийіне дайындалуда
Қазақстанда алдағы қыс қарлы болады деп болжануда. Осыған байланысты Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі көктемгі су тасқынына алдын ала дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Магомет Ахриевтің айтуынша, су тасқынына дайындық іс-шаралары аяқталуға жақын. Министрлік төтенше жағдайларға қарсы қанша күш пен құрал жұмылдырылатынын нақты анықтап қойған.
«Іс-шараларға 40 мың адам қатысады. Сонымен қатар, 5-6 ақпан күндері «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланып отыр. Биыл олар жаңа форматта өтеді. Ақпанда бұл жаттығулар оңтүстік және батыс өңірлерде, ал наурызда солтүстік және басқа аймақтарда ұйымдастырылады. Штаб Атырау облысында орналасады», – деді Ахриев.
Маманның айтуынша, құтқарушылар ең нашар сценарийге дайындалуда.
«Алдағы қыс қарлы болады деген болжам бар. Қалай болғанда да, біз ең нашар сценарийді ескеріп, дайындық жұмыстарын соған сәйкес жүргізіп жатырмыз. Оқу-жаттығулар барысында да сол сценарийлерді пысықтап, дайындық деңгейімізді арттырамыз», – деп толықтырды Ахриев.
Еске сала кетсек, 2024 жылғы су тасқыны ел инфрақұрылымы мен экономикасына үлкен залал келтірді. Көптеген қазақстандық баспанасыз қалды, жолдар шайылып, коммуникациялар бұзылды. Бұл жағдай аймақтардың төтенше жағдайларға дайын еместігін көрсетті. Миллиардтаған шығын, құрбан болған адамдар мен зардап шеккендер — бәрі өткен жылғы су тасқынының салдары.
Ақпарат CMN.KZ сайтынан алынған.