Үкімет энергетика саласындағы жыл қорытындысын жариялады

15.12.2025 13:41 Арман Ермеков Арман Ермеков
Үкімет энергетика саласындағы жыл қорытындысын жариялады
0
52
Фото: Үкімет

Биылғы жылыту маусымында энергетика саласында айтарлықтай өзгерістер орын алды. Жылдар бойы қордаланған инфрақұрылымның тозу мәселесіне тосқауыл қойылып, стансаларды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Бұл туралы Astana Hub алаңында өткен Үкіметтің 2025 жылғы жұмысын қорытындылауға арналған жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрдің айтуынша, саладағы оң өзгерістерге «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты тікелей әсер еткен. Осы бағдарламаның арқасында электр стансаларын жөндеуге бағытталған күрделі қаржы көлемі 20 пайызға ұлғайды. Бұл өз кезегінде тозығы жеткен құрылғыларды жаңартуға жол ашты.

Атқарылған жұмыстың нәтижесін құрғақ сөзбен емес, нақты көрсеткіштермен бағамдауға болады. Ұзақ уақыттан бері алғаш рет республика бойынша Жылу электр орталықтарындағы жабдықтардың жалпы тозу деңгейі төмендеп, 61 пайызды құрады.

Әсіресе, бұған дейін халықты әбігерге салған Кентау, Риддер және Екібастұз қалаларындағы жағдай түзелді. Жоспарланған жөндеу науқаны толығымен орындалып, нәтижесінде 9 энергетикалық нысан «тәуекел аймағынан» шығарылды. Яғни, бұл қалалардағы жылу жүйесінің тұрақтылығы қалпына келтірілді.

Сонымен қатар жылу тарататын «күре тамырлар» да назардан тыс қалмады. Ел аумағында 323 шақырымдық жылу желісі қайта жаңғыртылды. Бұл шара желілердің тозуын 52 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Ең бастысы, жылу құбырларында орын алатын апаттық жағдайлар саны ширек есеге, яғни 25 пайызға қысқарды.

Ведомство басшысы ескіні жамап қана қоймай, жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары да қатар жүріп жатқанын атап өтті.

«2025 жылы Текелі энергетикалық кешенінде газотурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар МАЭС-інде (мемлекеттік аймақтық электростанса) 130 мегаватт қуаттылығы бар жаңа турбоагрегат сәтті іске қосылды. Энергетикалық жүйе сұраныстың алдын орап, рекордтық көрсеткіш сағатына 118 млрд киловатт электр энергиясын өндірді», – деді Ерлан Ақкенженов.

Үкімет алдағы жылы да қарқынды бәсеңдетпек емес. Келесі жылдан бастап өңірлік деңгейдегі жылумен жабдықтау схемаларын қайта қарау бойынша жүйелі жұмыстар басталады. Бұл бағыттағы пилоттық жобалар алғаш болып Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында сынақтан өтпек.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий