Украина мен АҚШ минералдық ресурстар туралы келісімге келді

Украина мен АҚШ табиғи ресурстарды бірлесіп игеру туралы келісімнің соңғы нұсқасын мақұлдады, деп хабарлайды The Financial Times басылымы.
Келісімге сәйкес, Украина болашақта өзіне тиесілі мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбалардан түсетін табыстың 50%-ын арнайы қорға аударады. Бұл қордың қаражаты елдегі инвестициялық жобаларға жұмсалмақ.
АҚШ тарапынан бұрынғы талаптардың кейбірі келісімнен алынып тасталды. Алғашқы нұсқада Вашингтон Украинадан пайдалы қазбалардан түсетін табыстың 50%-ын жинап, жалпы сомасы 500 миллиард долларға жеткенше алып отыруды көздеген. Киев мұны әділетсіз деп санап, құжатқа түзетулер енгізді.
Келісімнің қазіргі нұсқасында АҚШ-тың бұл қордан алатын үлесі нақты көрсетілмеген. Бұл сұрақ қосымша келісімдерде анықталатын болады. Сонымен қатар, келісімде АҚШ-тың Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруі туралы ештеңе айтылмаған.
Украина келісімді мақұлдап, АҚШ-пен экономикалық серіктестікті нығайтуды көздеп отыр. Жақын апталарда президент Владимир Зеленский Вашингтонға барып, Дональд Трамппен кездесуі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар





