Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс: айыпталушының қорғаушысы істі қайта тергеуге жіберуді сұрады

26.08.2026 12:24 Әсел МҰРАТ
Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты іс: айыпталушының қорғаушысы істі қайта тергеуге жіберуді сұрады
150
Фото: ашық дереккөз

Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша 26 тамыздағы сот отырысында айыпталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы тергеу сапасына қатысты бірқатар мәселе көтерді. Адвокат сотқа арнайы өтінішхат ұсынып, істі тергеу кезінде маңызды жайттардың назардан тыс қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қорғау тарапының пайымынша, тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы толық зерттелмеген. Соның ішінде Жұбаниязованың әрекеті мен қайғылы жағдайдың арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар-жоғы нақты айқындалмаған.

Адвокат сондай-ақ оның кінәсінің деңгейі, нақты қандай әрекетке немесе әрекетсіздікке жол бергені және болған жағдайдың алдын алуға мүмкіндігі болған-болмағаны тиісті дәрежеде сараланбағанын алға тартты.

Қорғаушы істің материалдарына сүйене отырып, Жұбаниязованың МИБ төрағасы қызметіне 2025 жылғы мамырда ғана келгенін атап өтті. Бұған дейін аталған қызметті Ахметова атқарған.

Қорғау нұсқасына сәйкес, қызмет ауысқан кезде үйге қатысты құжаттар толық рәсімделіп тапсырылмаған. Бұған қоса, Жұбаниязоваға ғимараттың жағдайы жақсы екені айтылған.

Адвокаттың сөзінше, Жұбаниязованың үйдің құрылысына немесе оны жобалауға еш қатысы болмаған. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізбеген, мердігерлік міндет атқармаған әрі нысанға техникалық немесе авторлық бақылау жасамаған. Сондай-ақ оның құрылыс пен инженерия саласында арнайы білімі жоқ.

Адвокаттардың айтуынша, Жұбаниязова ұзақ уақыт куәгер ретінде өтіп, күдікті ретінде тек тергеудің соңғы кезеңінде танылған. Үйдегі жарықтар мен ақаулар 2017 жылдан бері болған. Қорғаушылар қосымша тергеу мен сараптама жүргізуді, 2017 жылдан бергі құжаттарды сұратуды және ғимараттағы ақаулар туралы бұрыннан хабардар болған адамдарды анықтауды сұрады.

Қорғау тарапы тағы бір маңызды жайтқа назар аударды. Жұбаниязова тергеудің негізгі бөлігі кезінде күдікті емес, куәгер ретінде жауап берген. Оның процессуалдық мәртебесі тергеу аяқталуға жақын қалған кезде ғана өзгерген.

Осыдан кейін оған ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, қылмыстық іс көп ұзамай соттың қарауына жіберілген.

Қорғаушының айтуынша, енді сот тергеу барысында кеткен кемшіліктердің бар-жоғын және олардың істі қарауға әсерін бағалауы қажет.

Алайда сот адвокаттың өтінішхатын қанағаттандырған жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий