Ұлдананың анасы: Әділеттің екінші әйелін қызымдай бауырыма басамын деп ойладым

17.08.2026 14:36 Томирис САҒЫНДЫҚ
Ұлдананың анасы: Әділеттің екінші әйелін қызымдай бауырыма басамын деп ойладым
213
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанқұлова бұрынғы күйеу баласының екінші рет шаңырақ көтеруіне көзқарасы қандай болғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұқбатында әңгімеледі.

«Білемін ғой, өйткені ер адам уақыт өткен соң өйтіп жалғыз қалып кетпейді. Бірақ мен кешегі күнге дейін Әділетке: «Балам...» деп қаншама SMS жаздым. Арасында жазбай жүрген күндері де: «Балам, хабарсыз кеттің ғой. Хабарласып тұрсаңшы. Сені мазалап жүрген бір нәрсе бар ма? Неге бізден алыстап барасың?» — деп жазған едім. Әр сөзімде «Әділет балам, Әділет балам» деп отырдым. Мен оны өзімнен алшақтатқан жоқпын. Әділетке былай да айтқанмын: «Әділет, қызым кетсе де, оның орнына мен үшін өмірбақи бір балам екі бала болып қаласың». Сосын ең соңғы жазғанымда, үйленгенге дейін жаздым. «Әділет, менің арманым — келешекте қызым сияқты басың екеу болып үйленіп жатсаң, сол алған қызыңды да бауырыма бассам, қыздарым оны артынан ерген сіңлісідей қабылдаса, одан кейін ол қызға өзім ақ батамды берсем» деген сияқты ойлар болды. «Бұның бәрі бос қиял болып қалған екен ғой», — дедім. Бұл сөзді қызымның көлігінің кілтін нотариустан ең соңғы рет қолыма алып жатқанда айттым... Алдында «жаңағы жазуы бар» дедік қой, сол жазуы жоқ екен. Мен бара жатқан кезде, осы қызымның көлігінің аресте бар-жоғын тексеру үшін Полиция департаментінен барып қағаз алуымыз керек екен. Сол кезде біз Ұлдананың машинасымен Әділет, папасы — үшеуіміз бардық. Сол кезде байқадым, жазуы жоқ екен. Бірақ ішімнен өкіндім...» — деді Сәлима Ешанқұлова.

Ары қарай марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы күйеу баласының әрекеті өзіне қалай ауыр тигенін тілге тиек етті. Десе де ол бұрынғы күйеу баласына ішкі сезімін көрсетпеуге тырысқан.

«Содан соны ішіме түйдім. Полиция департаментіне бірге барып, қағазын реттеп алдық. Қайтқанша сол ойда, уайымда болдым. «Неге бұны алып тастады?» деп ойландым. Өйткені қызым барлық затына ұқыпты қарайтын. Бір нәрсесін біреуге берсе, оны жарамсыз не ұқыпсыз кисе, жыны келіп: «Мама, өйткенше кимей-ақ қойсыншы, одан да тұра берсін», — дейтін еді. «Қызымның өзі жақсы көрген затын неге аяқасты қылған?» деген сияқты әртүрлі ойда болдым, бірақ білдірген жоқпын. Сонымен не керек, нотариуста тіркеудің барлығы бітті. Сөйтіп машинаны алатын кезде мен одан бұрын да Әділетке: «Әділет, ертең келгенде Ұлдананың дипломы, басқа да қағаздары, күнделік дәптерлері болса, бәрін алып бере ғой. Болды енді, сенің өмірің алда. Енді бізді табыстыратын қызым да жоқ. Енді өз өмірің өзіңде, саған бөгет жасамаймын» деп жазған болатынмын. Сол кезде ол осы дәптерлерді және бұрынғы екеуінің тойдан кейін жасаған альбомын алып келіпті. Негізі сол альбомның екеуін шығарған екен. Біреуін бізге қаңтарда, жаңа жылдан кейін берген еді. Сөйтсек екінші альбомы өзінде қалған екен, оны да кеше машинаны әкелгенде ала келіпті», — деді марқұм фельдшердің анасы.

Сәлима Ешанқұлова қызының көлігі экс-күйеу баласында қалуы үшін бүкіл отбасына қарсы шыққанын айтты.

«Оны да алып келіпті, иә. Екі альбом да өзімізде қалды. Сонымен, кілтті алып жатқанда, багаждан заттарын көріп тұрып тағы сұрадым: «Әділет, алдындағы төсеніш пен ана жазу қайда?» Алдында тұрған ойыншықтары, тасбиғы бар еді. Бір қарасам, машинаның іші жалаңаш. «Ішіндегі заттары қайда?» десем: «Гаражда шығар, гаражға тастаған шығармын», — деді. Сол кезде «А, қызымның орны жоқ екен ғой» деп ойлағанымда, төбемнен мұздай су құйғандай денем ду ете түсті де, көзімнен еріксіз жас ақты. «Соншалықты Әділеттің тез ұмытқаны ма?» деп ойладым. Кеше ғана «Жақсы көремін, сізді анашымдай көремін, мені бауырға толтырып кетті» деген сөздерінен соң... Мен бара жатып, әртүрлі ойда болдым. Ана SMS-терді қайта-қайта оқып, қандай күйде болғанымды айта алмаймын. Мен Әділетке қатты сендім. Тіпті керек десеңіз, осы машинаны оған қалдыру үшін өзімнің күйеуіме де, қыздарыма да, балама да қарсы шықтым: «Көлік Әділетте қалады, ол адал, махаббатына берік» дедім. Мен сонда қатты қателесіппін ғой деп, іштей егілдім: «Неге мен оны өз бала-шағамнан артық көрдім?» Өйткені мен Әділетке немесе оның үйіне барсам, Әділет қасымда болса, Ұлдананың тура жанында жүргендей сезінуші едім. Ондай сөздерді Әділеттің өзіне де айтқанмын: «Әділет, сен менің қасымда болсаң, сенің өзің, күлгенің, өмірге көзқарасың маған бақыт пен қуаныш сыйлайды. Әділет, бізден бас тартпашы», — деп жалынғандай болған SMS-терім де бар еді. «Осының бәрін бес тиынға шығарғаны ма?» деп, үйге барғанша көз жасым тынбады. Үйге бара жатқанда, кілт пен машинаны алған соң, күйеуім (Ұлдананың әкесі) машинаны қолымызға берсе де, оны айдап кетуге қорықты. Білмеймін, папасының өзі сасып қалып: «Сәлима, мына машинаны енді қалай айдап кетеміз? Бұл әлі заңды түрде біздің атымызға рәсімделген жоқ қой. Бір күннен кейін бардық. Бізді қазір полиция ұстап алса, масқара болмаймыз ба?» — деді. Сол жерде өзіміздің заңгерге хабарластым: «Нұрсұлтан, біз мына машинаны нотариус арқылы өзімізге алдық, енді үйге айдап кете беруге бола ма?» — десем, ол: «Айдайтын адам бар ма?» — деп сұрады. «Иә, папасы айдай береді», — дедім. «Онда айдап кете беріңіздер, болмаса тұра берсін, кейін алып кетесіздер», — деп айтты», — деді Сәлима Ешанқұлова.

Войдите, чтобы оставить комментарий