Ұлдананың анасы: Әділеттің үйленгенін желіден көріп, түнімен ұйықтамадым
Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанқұлова бұрынғы күйеу баласының екінші рет отбасын құрғанына қатысты өз пікірін білдірді. Кейуананың айтуынша, Әділет Зейнел үйленетінін айтып, алдынан өткенде міндетті түрде батасын беретін еді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұқбатында әңгімеледі.
— Арада 8 ай өтпей, жолдасы қайтыс болғаннан кейін екінші рет отбасын құрды. Сіз осы жаңалықты қайдан білдіңіз? Біз сияқты әлеуметтік желіден көрдіңіз бе?
— Иә, әлеуметтік желіден көрдім. Маған әлеуметтік желі арқылы осындай хабарламалар келіп жатты. Одан бұрын да Әділеттің анасын, мұраға қалған мүлікті сотқа жеткізбей, бейресми түрде бөлісу үшін шақырған болатынбыз. Заңгер Нұрсұлтанның кеңесімен Әділетті және оның анасын кездесуге шақырдым. Ол жерге жолдасым, қызым және мен — үшеуіміз бардық. (Сол кезде заңгеріміз Нұрсұлтан: "Әділетті шақырайын, келісім бойынша мұрагерлікті бөлейік", — деді. Кездесуге Әділет, оның анасы және заңгері келді. Алайда олар мүлікті жақсы ниетпен бөліскілері келмеді... Көлік тұрмыс құрғанға дейін алынған. Иә, ортақ мүлік болып саналады екен. Иә, тек сол мүлік. Көлік пен зейнетақы жинағы — деп түсіндірді Ақнұр Мырзуан). Ол кезде біз: "Зейнетақы жинағын аламыз ба, әлде көлікті аламыз ба?" — деп келісе алмай жатқанбыз.
— Олар сіздерге: "Қызыңыз менің қолымда екі-ақ апта тұрды, одан кейін оқыс жағдай болды, кейін қайтыс болды. Көлікті де тұрмысқа дейін бастапқы жарнасын төлеп өзі алды. Енді бәрін алыңыздар, бірақ арамызда сыйластық қалсын", — деп айтпады ма?
— Жоқ, айтпады. Мен негізі сыйластық сақталсын деп бұл сөзді құдағиыма да айтқанмын. Жолдасым мен балалардың арасында келіспеушілік болғанда: "Құдағи, балалар келіспесе де, өзім барамын, татуластырайық. Қызымның жылы да өткен жоқ, бұл не болып кетті?" — дедім. Одан кейін: "Күйеу — жүз жылдық, құда — мың жылдық. Құдалығымыз үзілмесін, балаларды татуластырайық", — деп айттым. Бірақ ол сөзді елеген жоқ. Біздің келісіміміз айдың 21-22-сі күндері аяқталған еді. Бір аптаның ішінде үйленіп кетеді деп ойлаған жоқпын. Түнгі сағат 9-10 шамасында бұл хабарламаны телефоннан көріп, таң атқанша ұйықтай алмадым. Ойламаған ой келді. Көліктегі заттарды гаражға тастай салғаны, зейнетақы қорындағы ақшаны бейтарап түрде алғаны есіме түсті. Нотариустің қағаздарын алып, үндемей шығып бара жатқан сәті көз алдыма келді. Оның ең соңғы жазған хабарламасында: "Мама, қалайсыз? Бүгін шаруаның бәрін бітірейік, мен жұмыстан сұранып жатырмын. Ерте бітірейікші", — деген сөздері ойымнан кетпей қойды. Сонда бұл сөзді жазғаннан кейін, бір аптадан соң тойы өтейін деп жатқаны ма? "Зейнетақы ақшасын ертерек алып, той жасауды ойлады ма екен?" деген сұрақ туды. Неге маған: "Сіз де анасыз ғой, анасы білмесе де, сіздің білгеніңіз дұрыс" деп, бір ауыз айтпады? Мен оның үйленгеніне қарсы емеспін.
— Сәлима ханым, жүрегіңізге батқаны — күйеу балаңыздың аз уақыт ішінде қызыңызды ұмытып, үйленіп кеткені ме, әлде алдыңыздан өтпегені ме?
— Шынымды айтсам, екеуі де. Ол бұрын мені "Анамдай көремін" дейтін, сонда мені сыйламағаны ма? Адамгершілік қайда? Барлығы заңмен шешілгенмен, адамда кішкене адамгершілік болуы керек қой. Ең болмаса, үйдегі әжесі де: "Анаңның алдынан барып өт", — деп айтпады ма? Екі жақтан да бұл сөзді айтатын бір адамның табылмағаны өкінішті.
— Егер құдағиыңыз бен күйеу балаңыз тойға дейін алдыңыздан өтіп, рұқсат сұраса, батаңызды берер ме едіңіз?
— Иә, берер едім. Өйткені ол — азамат, жалғыз жүре алмайтынын білемін. Әділеттің қай күні үйленетінін білмесем де, кезінде оған: "Ерте ме, кеш пе үйленсең де, ол қызды бауырға басып, өзім төркін боламын", — деп жазған едім. Осы сөзді біле тұра, неге алдымнан өтпеді? Мен оған ешқашан жамандық тілеген емеспін.
Соңғы жаңалықтар