Үндістанда қазақстандық бапкер іздестіріліп жатыр: федерация мәлімдеме жасады
Үндістанда қазақстандық велоспорт бапкері, 34 жастағы Мақсат Аязбаевқа кәмелетке толмаған спортшы қызды зорлады деген айып тағылып, іздеу жарияланған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Үндістанның «Таймс оф Индия» басылымы хабарлады. Қазақстанның велосипед спорты федерациясы оның қазір ел құрамасына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Басылымның тергеу деректеріне сүйеніп жазуынша, оқиға 13 қыркүйекте Патиала қаласындағы Ұлттық спорт шеберлігі орталығында оқу-жаттығу жиыны кезінде болған. Спортшы қыз 18 қыркүйекте арыз беріп, қылмыстық іс қозғалған.
Бұрын кәсіби велошабандоз болған Аязбаевтың қазір қайда екені белгісіз. Полиция оның төлқұжатын алып қойған, ал Үндістаннан шығып кетпеуі үшін шекара бекеттеріне шектеу енгізілгені хабарланды.
Үндістан велоспорт федерациясы бапкерді жұмыстан уақытша шеттетіп, Жапониядағы Азия ойындарына жібермеу туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар ішкі тексеру бастаған.
Қазақстанның велосипед спорты федерациясы Инстаграмдағы ресми парақшасында Аязбаевтың соңғы жылдары үнді тарапымен келісімшарт бойынша шетелде жұмыс істеп, Үндістан құрамасын дайындағанын түсіндірді.
«Қазір Мақсат Аязбаевтың Қазақстан ұлттық құрамасына қатысы жоқ. Ресми тергеу аяқталып, істің барлық мән-жайы анықталғанша асығыс қорытынды жасап, баға бермеу керек деп санаймыз», деп мәлімдеді федерация.
Ұйым Үндістандағы тергеудің мән-жайына түсініктеме бере алмайтынын, тек құзырлы органдардың ресми ақпаратына сүйенетінін жеткізді. Сондай-ақ жеке адамның әрекетін Қазақстан велоспортымен және ұлттық құрамамен байланыстыруға болмайтынын айтып, ақпарат таратқанда осыны ескеруді сұрады. Адамның кінәсі тергеу мен сот нәтижесінде ғана заңға сай анықталатынын еске салды.
Politico.kz Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен де ресми түсініктеме сұрады. Министрлік ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады, әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Мақсат Мұхтарұлы Аязбаев – қазақстандық бұрынғы кәсіпқой велошабандоз және жаттықтырушы. Ол 1992 жылы 27 қаңтарда дүниеге келген және спорттық мансабында «Astana Pro Team» мен «Almaty Continental Team» сияқты белгілі велокоммандалардың сапында өнер көрсетіп, халықаралық деңгейдегі бірнеше жарыстарға қатысқан. Велоспортшы ретіндегі белсенді карьерасын аяқтағаннан кейін ол бапкерлік қызметке ауысып, кейінірек Үндістанның велоспорттан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.
Соңғы жаңалықтар