«Қазатомөнеркәсіп» басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

«Қазатомөнеркәсіп» басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
Қуаныш Омарбековтің facebook парақшасынан

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы басшыларына қатысты басталған сыбайлас жемқорлық ісі бойынша құқық қорғау органдарына көмектесіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Компания тергеуге байланысты жұмысында өзгеріс болмайтынын жеткізді.

"«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (бұдан әрі – «Қазатомөнеркәсіп» немесе «Компания») Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараты бойынша Қазатомөнеркәсіптің басқарма мүшесі - өндіріс жөніндегі бас директоры қызметін атқарған Қуаныш Омарбековке және басқа да адамдарға қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдік бойынша тергеу іс-шаралары басталғанын хабарлайды.

Компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса отырып тергеуге көмек көрсетуде. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес компанияның тергеу кезеңінде түсініктеме беруге құқығы жоқ. 

Қазатомөнеркәсіп өз жұмысын штаттық режимде жалғастыруда. Компания акционерлер мен басқа да тараптардың мүдделеріне сәйкес 2026 жылға арналған барлық өндірістік және қаржылық болжамдардың орындалуын растайды. Қазатомөнеркәсіптің даму стратегиясы өзгеріссіз қалады және стратегиялық міндеттердің жүзеге асуы бекітілген жоспарларға сай жалғасады. 

Компания ашықтық, айқындық және кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидаттарын ұстанады", – делінген ресми мәлімдемеде.

Бүгін ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 23 қарашада «Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі бұрынғы бас директоры Қуаныш Омарбеков пен өзге тұлғаларды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамағанын хабарлады. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі (пара беру) бойынша тергеу жүріп жатыр.

ҰҚК хабарынан кейін «Қазатомөнеркәсіп» те басқарма құрамындағы өзгерістерді жариялады. Директорлар кеңесінің 24 қарашадағы шешімімен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байғожиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Еске салайық, 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолының» басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған еді. Олар өзге тұлғалармен бірге пара алуға оқталды деген күдікке ілінген. Бұдан бөлек, ҚТЖ-ның екі директоры мен «Самұрық-Қазына» қорының бір департамент директорының да ұсталғаны белгілі болды.

Ұсталған Қуаныш Омарбековтің кім екенін және «Қазатомөнеркәсіпте» неге жауапты болғанын осы жерден оқи аласыз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу