«Ұрланған велосипедтің» айналасында не болып жатыр: велосаяхатшы Бүрлен бар шындықты айтты
Астанада әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен велосаяхатшы Бүрлен Әділетқызының велосипедіне қатысты оқиғаның мән-жайы нақтыланды, деп хабарлайды Politico.kz Alash.kz порталына сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде велосаяхатшының велосипеді ұрланғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл жағдай көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікірге себеп болды.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жүргізілген тексеру нәтижесінде велосипедтің орналасқан жері анықталған. Алайда оны ұрлау фактісі бойынша полицияға ресми арыз түспеген. Тексеру кезінде велосипед Бүрлен Әділетқызының құрбысы тұратын тұрғын үй кешенінің ауласында қалғаны белгілі болған.
Осыдан кейін әлеуметтік желіде оқиғаның әдейі жасалғаны, яғни «хайп үшін ұйымдастырылғаны» туралы болжамдар тарады. Велосаяхатшыға қатысты сын пікірлер де көбейді.
Осыған байланысты Бүрлен Әділетқызы Alash.kz тілшісіне пікір білдіріп, әлеуметтік желіде тараған кейбір ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін айтты.
«Қазір желіде мені «хайп үшін, ақша үшін жасап жатыр» деп балағаттап жатқандар бар. Маған елдің ақшасы қажет емес, өзімді қамтамасыз ететін жағдайым бар. Мән-жайды анықтамай тұрып айтылған ауыр сөздер, әрине, көңіліме тиеді. Бірақ бұл үшін ешкімге ақталғым келмейді. Жалған ақпаратқа сеніп, мені сынап жатқандар – мені жеке танымайтын адамдар. Сондықтан олардың пікірі мен үшін маңызды емес. Бір-екі күннен кейін бұл жағдай олар үшін ұмыт қалады. Ал полиция өкілдері оқиғаны дұрыс түсінбеген болса, Астанаға барған соң бұл мәселені өзіміз сөйлесіп анықтаймыз», – деді ол.
Велосаяхатшы сондай-ақ велосипедтің «құрбысының үйінен табылғаны» туралы ақпараттың да дұрыс еместігін атап өтті.
«Велосипед құрбымның үйінде тұрған жоқ. Ол құрбым тұратын тұрғын үй кешенінің аумағынан табылды. Велосипедті сол жердің күзетшілері алып кеткен. Алайда кейбір ақпарат көздерінде “құрбысының үйінен табылды” деген қате мәлімет тараған», – деп түсіндірді Бүрлен Әділетқызы.
Оның айтуынша, құрбысы велосипедтің тұрғын үй кешенінің ауласында тұрғанын білмеген. Велосаяхатшы бұл сөзін растау үшін полиция тарапынан жазылған хабарламаны да ұсынған.
Бүрлен Әділетқызы – Шыңжаңның Дөрбілжін ауданында дүниеге келген танымал велосаяхатшы. 2024 жылы ол Үрімжі қаласынан Астанаға дейін велосипедпен сапар шегіп, көпшілікке танылған еді.
Биыл саяхатшы Қазақстан бойынша 76 күнге созылған велосапар ұйымдастырып, елдің 19 қаласын аралаған. Ол сапар барысында Қазақстанның табиғаты мен тарихи-мәдени нысандарын танып-білуді мақсат еткен.
Полиция департаменті көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Соңғы жаңалықтар