Уролог: Еркектің мүшесін 24\7 істетін протез салып жатырмыз

12.08.2026 16:08 Томирис САҒЫНДЫҚ
Уролог: Еркектің мүшесін 24\7 істетін протез салып жатырмыз
75

Қазақстанда ерлердің репродуктивті және жыныстық денсаулығын қалпына келтіруде заманауи фаллопротездеу отасы қолданылып келеді. Отандық уролог-андролог Ернұр Айнаевтың айтуынша, бұл емдеу әдісі эректильді дисфункцияның ауыр түрлеріне шалдыққан пациенттер үшін тиімді шешім болмақ. Қазіргі уақытта аталған клиника тәжірибесінде осындай ота жасалған пациенттердің саны 50-ден асқан, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы уролог журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

«Мүшесі мүлдем жұмыс істемей қалған еркектердің өзіне протез салып жатырмыз. Мүшесі 24\7 жұмыс істеп тұрады. 24 сағат істетпесе де, бір-екі сағат істетсе жетеді ғой. Бірақ медицинаның осындай мүмкіншілігі бар екенін адамдар білуі керек. Қазіргі дамыған медицинаның мүмкіндігі өте кең. Соның арқасында «маған ешкім көмектесе алмайды» деп үміт үзудің қажеті жоқ. Бастапқы кезеңде келген пациенттерге, көп жағдайда — 70-90 пайызға дейін көмектесе аламыз. Ал ауру асқынып, тым ауыр сатысына өтіп кеткен жағдайда, мүшенің ішіне протез орнатып береміз. Көбісі «протез салады» дегенде мүшені толық ауыстырады деп ойлайды, бірақ біз олай жасамаймыз, протезді мүшенің ішіне енгіземіз. Ол арқылы пациент толыққанды оргазм алып, ұрық шығу процесі сақталады әрі жыныстық қатынасқа түсе алады», — деді Ернұр Айнаев.

Дәрігердің сөзінше, клиникалық тәжірибеде пациенттің қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарай протездердің бірнеше түрі орнатылады. Соның бірі — арнайы механизммен басқарылатын гидравликалық жүйелер.

«Протездің тағы бір түрі — қажет кезде тікейтіп, қажет емес кезде жатқызып қоюға мүмкіндік беретін механизмі бар түрі. Онда жұмыртқасының ішіне пульт сияқты құрылғы орнатылады. Соны басқан кезде мүше тіктеледі, ал екінші түймені басқанда қайтадан бұрынғы қалпына келеді. Тіпті пациент қаласа, мұны жұбайына білдіртпей де жасай алады. Ең бастысы — медицинада осындай мүмкіндіктердің бар екенін білу керек», — деді маман.

Сондай-ақ уролог отаның құны, берілетін кепілдік шарттары және емделушілердің қай нұсқаны жиі таңдайтынына тоқталып өтті.

«Біздің клиникада мұндай операциялар жасалып жатыр. Қазірдің өзінде Қазақстанда 50-ден астам адамға осы протезді салып бердік. Оның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ, өмірлік кепілдік беріледі. Егер протез жұмыс істемей қалса, оны тегін ауыстырып береді. Әрине, бұл — қымбат операция. Бағасы 4 миллион теңгеден жоғары тұрады, ал ұдайы тік қалпында тұратын екінші түрі — 1,5 миллион теңге төңірегінде. Ұдайы тік тұратын түрі қолданғанда ыңғайлы болу үшін кейін қайырылып қойылады. Пациенттердің басым бөлігі қаржылық жағдайына байланысты осы екінші, жеңілдеу түріне жүгінеді. Бұл жерде екі протездің де негізгі функциясы мен мақсаты бір — жыныстық қатынасқа түсу мүмкіндігін қалпына келтіру. Көлік айдағанда да басты мақсат — межелі жерге жету, бірақ біреу Мерседес, біреу Жигули таңдайды. Телефонның да басты функциясы — хабарласу, бірақ біреу соңғы үлгідегі iPhone алғысы келсе, біреу қарапайым батырмалы телефонды місе тұтады. Мұнда да дәл солай», — деп сендірді Ернұр Айнаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий