«Үш баланың анасы»: АҚШ-та қазақстандық әйелдің не үшін ұсталғаны белгілі болды
Әлеуметтік желіде қазақстандық әйелді АҚШ-та Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) ұстағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі бұл мәліметті тексерді.
Бүгін министрлік істің мән-жайын түсіндірді.
«Қазақстан азаматшасын АҚШ-та заңды көші-қон мәртебесінің болмауына байланысты Флорида штатының аумағында АҚШ иммиграция қызметінің қызметкерлері ұстап алған. Қазақстандық дипломаттар қажетті консулдық көмек көрсету мақсатында АҚШ-тың мемлекеттік органдарымен және ұсталған азаматшаның отбасымен байланыс орнатқан», - делінген министрліктің тілшімізге берген жауабында,
Бұған дейін Instagram желісіндегі salty_sssalt парақшасында қазақстандық әйелдің ұсталғаны туралы алаңдатарлық жазба жарияланған.
«12 қыркүйекте үш баланың анасы болып отырған құрбымызды ICE қызметкерлері қамауға алды», – делінген жазбада.
Алайда жарияланым авторлары әйелдің нақты қандай себеппен ұсталғанын және оның қазіргі жағдайы қандай екенін көрсетпеген.
ICE немен айналысады?
АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі (ICE) елдегі иммиграциялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қызмет заңсыз көші-қонға, адамдар мен тауарлардың заңсыз тасымалына қарсы күресіп, терроризмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарға қатысады.
ICE АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігіне қарайды және бірқатар жағдайда АҚШ-тың Кеден және шекараны қорғау қызметімен (CBP) бірлесіп жұмыс істейді.
Соңғы жаңалықтар