Баласының көзінше әйелін пышақтап өлтірген экс-полицей 5 жылға ғана сотталуы мүмкін

01.05.2026 12:12 Арман Ермеков
Баласының  көзінше әйелін пышақтап өлтірген экс-полицей 5 жылға ғана сотталуы мүмкін
264
Фото: depositphotos.com

Алматыда баласының көзінше әйелін қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған бұрынғы полиция қызметкері қылмысты «аффект» жағдайында жасады деген сараптама қорытындысы шығып, марқұмның жақындары бұл шешіммен мүлдем келіспей отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің сөзінше, сарапшылар айыпталушы қылмыс жасаған сәтте есі ауысқан немесе аффект жағдайында болған деген қортынды шығарған. Егер бұл расталса, іс «аффект жағдайында адам өлтіру» бабына ауыстырылып, күдікті небәрі 5 жылға сотталуы мүмкін. Оның үстіне тергеу изоляторында отырған уақытын есепке алғанда, ол бостандыққа тым ерте шығып кету қаупі бар.

Қорғаушы тергеу жұмыстарының объективті өткенін алға тартып, тек осы сараптама нәтижесіне күмән келтіріп отыр. Сот шешімі тек сарапшылардың қорытындысына ғана емес, барлық дәлелдеме жиынтығын бағалау арқылы қабылданады.

«Біз бұл шешіммен келіспейміз. Сараптама екі рет жүргізілді. Қазір сарапшыларды көптеген сұраққа жауап алу үшін сотқа шақырып жатырмыз. Жауап алу қорытындысы бойынша қайта сараптама тағайындау туралы өтініш білдіруіміз мүмкін. Бәрі олардың беретін түсініктемесіне байланысты. Күмәнді тұстар өте көп. Полиция қызметкері қалайша аффект жағдайына түсуі мүмкін. Ол органда 15 жыл қызмет еткен, капитан шенінде болған, күн сайын сан түрлі тексерістен өткен адам. Ол әдейі симуляция жасаған болуы мүмкін», - деді Мейірман Шекеев.

Марқұмның сіңлісі Разия Шыныбек те сараптама нәтижесіне қарсылық білдіріп, сотталушыға қатаң жаза тағайындауды сұрап отыр. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар некеде тұрып 16, 14 және 4 жастағы үш бала тәрбиелеген. Қазір олар Разияның қамқорлығында қалды.

Қайғылы оқиға кезінде үйде болған ең кішкентай баланың психологиялық жағдайы өте ауыр. Ол үнемі әкесінің анасын пышақтап тастағанын және оның жаман адам екенін айтудан тыйылмай жүр. Сонымен қатар марқұм қайтыс болардан сәл бұрын ішімдікке салынған күйеуімен ажырасуды ойлап, бір айдай бөлек тұрған екен.

«Қылмыс болған сәтте мен ол жерде болған жоқпын. Келгенімде үйге кіргізбеді, сондықтан нақты не болғанын айта алмаймын. Бірақ үйде болған төрт жасар бала әкем анамды пышақтап тастады, әкем зомби, әкем жаман деп айтудан тыйылмады. Ол үнемі ағасынан көке сен де мен сияқты анамды сағынасың ба деп сұрайды. Мұны есту өте ауыр», - деді Разия.

Бұл оқиға 2025 жылдың мамыр айында Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Ұзынағаш ауылында балабақша директоры болған 34 жастағы әйел мен 39 жастағы бұрынғы тәртіп сақшысы арасында жанжал шығып, ер адам әйелін пышақтап өлтіргеннен кейін өзіне қол салмақ болып тамағын тіліп жіберген. Бұл қылмыс балаларының көзінше жасалып, оның дауысын көршілері де естіген.

Қазіргі таңда іс бойынша сот процесі жүріп жатыр, ал 15 жыл ішкі істер органында жұмыс істеген экс-полицейге «аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылған

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий