«Үш күн күткен»: Дәрігерлер Маңғыстауда балықтан ажал құшқан баланың жағдайы туралы шындықты айтты
Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында ысталған балықтан уланып, кейін қайтыс болған баланың жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министрліктің мәліметінше, бала медициналық көмекке жүгінген кезде жағдайы өте ауыр болған. 2016 жылы туған бала 19 қыркүйекте Мұнайлы аудандық орталық ауруханасына жеткізілген. Министрлік өкілдерінің айтуынша, ол ысталған балықты жеп, алғашқы ауру белгілері пайда болғаннан кейін үш тәуліктен соң ғана дәрігерлерге қаралған.
«Сол күні тексеруден кейін бала облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер тағамнан болатын ботулизмге күдіктеніп, арнайы сарысу екті. Науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, қарқынды терапия жүргізілді. Баланың жағдайы тым ауыр болғандықтан, оны басқа медициналық мекемеге тасымалдау мүмкін болмаған. Емдеу жұмыстарына көмектесу үшін өңірге республикалық деңгейдегі мамандар, оның ішінде Денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі мен анестезиолог-реаниматологы барды. Олар науқасты қарап, емдеу тәсілін түзетті», - дейді министрліктегілер.
Министрліктің мәліметінше, кейін дәрігерлер республикалық мамандардың қатысуымен бірнеше рет консилиум өткізіп, телемедициналық кеңестер ұйымдастырған.
«Көрсетілген медициналық көмектің көлеміне және жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, аурудың ауыр өтуіне байланысты балада ми ісінуі, бірнеше ағзаның жеткіліксіздігі және III дәрежелі кома секілді қайтымсыз өзгерістер дамыды», – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Бала 6 қазанда қайтыс болды. Қазіргі уақытта тағы үш науқас медициналық көмек алып, дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Бұған дейін Lada.kz отбасылық дастарханнан кейін бала мен үш ересек адамның ботулизм белгілерімен ауруханаға түскенін хабарлаған. Басылым өңірлік денсаулық сақтау басқармасының эпидемиологына сілтеме жасап, зардап шеккендердің үй жағдайында дайындалған балықты жегенін жазды.
Денсаулық сақтау министрлігі ботулизмнің жүйке жүйесін зақымдайтынын және жұтыну мен тыныс алудың бұзылуына, сондай-ақ сал ауруына әкелуі мүмкін екенін еске салды.
Ауруды тудыратын токсин дұрыс дайындалмаған немесе дұрыс сақталмаған тағам өнімдерінде болуы ықтимал. Олардың қатарында балық, ет өнімдері және үй жағдайында дайындалған консервілер бар.
Министрлік улану белгілері байқалған жағдайда медициналық көмекке мүмкіндігінше тез арада жүгінуге шақырды.
Соңғы жаңалықтар