«Үйінен қашып кеттім»: Абай Бегейдің қызы қалай келін атанғанын айтып берді
Әнші Абай Бегейдің ерте тұрмысқа шыққан қызы Сымбат отбасын қалай құрғанын баяндап, жеке өміріндегі беймәлім жайттармен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Сымбаттың айтуынша, ол ерте жастан отбасылы болуды жоспарламаған, ал болашақ жары оны келісімінсіз алып қашқан:
«Мен — 16 жасында тұрмысқа шыққан Абай Бегейдің қызымын. Күйеуге шығамын деп мүлде ойламадым. Күйеуімді қазір көпшілік жақтырмауы мүмкін, бірақ шындықты айтайын. Екеуміз сөйлесіп жүрген кезде ол мені алып қашып кетті. Бұл туралы бұған дейін әлеуметтік желіде айтқан жоқпын», – деп бастады сырын ол.
Алып қашқан соң алғашында көнбей, үйінен қашып кеткенін айтқан бойжеткен кейінірек мәселенің қалай шешілгенін жеткізді:
«Мені алып кеткеннен кейін оның үйінен қашып кеттім. Кейін олар әкеме келіп, рұқсатын алды. Қазір бұған еш өкінбеймін. Күйеуім екеуміз бірге түрлі қызықты сәттерді бастан өткеріп келеміз», – деді Сымбат.
Сондай-ақ ол жаңа шаңырақта өзіне қысым жасалмайтынын, еркіндігіне шектеу жоқ екенін және қайын ата-енесімен жақсы тіл табысқанын атап өтті. 18 жасында ана атанған Сымбат ерте тұрмыс құрса да, үйде қамалып отырмай, белсенді өмір сүріп жатқанын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар