Ұзақ күттірген Қарағанды-Балқаш трассасы пайдалануға берілді
Қарағанды облысында ұзаққа созылған құрылыс аяқталып, Қарағанды-Балқаш тас жолы пайдалануға берілді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Трасса ұзындығы – 363 км.
2019 жылы басталған жолды жөндеу жұмыстары бірнеше рет кейінге шегерілді. Алғашқы жоспар бойынша, жөндеу 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда пандемия, материалдар бағасының қымбаттауы жобаның құнын 248 млрд теңгеден 317 млрд теңгеге дейін ұлғайтты.
Трассада төрт жолақты қозғалыс ұйымдастырылып, қоршаулар орнатылды. Қарағанды-Балқаш жолы үшінші техникалық санаттан бірінші санатқа көтерілді. Жол бойында 18 демалыс алаңы, 24 автобус аялдамасы және 1452 жарық бағанасы орнатылды. Жолдың көлік өткізу қабілеті тәулігіне 18 мың көлікке дейін жетті.
"Жазғы уақытта бұл көрсеткіш 25 мыңға дейін артады", – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» өкілдері.
Алайда жөндеу жұмыстары барысында Қарағанды-Балқаш трассасындағы апатты жағдайлар артты. Бұрын «өлім жолы» аталған трассада жөндеу кезінде жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті.
Ақпарат және бейне HALYQSTAN арнасынан алынған.