Заңгерлер белсенді Айжан Мамешованы ұстау кезіндегі полиция әрекетін тексеруді талап етті

Заңгерлер белсенді Айжан Мамешованы ұстау кезіндегі полиция әрекетін тексеруді талап етті
05.09.2025 14:40
0
195

Қоғам өкілдері Айжан Мамешованың ұсталуына байланысты полиция әрекеттерін тексеруді талап етті, деп хабарлайды Vlast.kz.

Бүгін, 5 қыркүйекте өткен баспасөз мәслихатында заңгерлер мен қоғам белсенділері Алматы қалалық полициясының белсенді Айжан Мамешованы ұстау кезіндегі іс-әрекеттеріне қызметтік тергеу жүргізіп, құқықтық баға беруді талап етті. Олардың айтуынша, ұстау кезінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің және халықаралық конвенциялардың нормалары өрескел бұзылған.

Заңгер Серік Әбішевтің айтуынша, Мамешоваға ресми шақырту қағазы берілмеген, оны көшеде күштеп көлікке отырғызып, дене жарақатын салған.

«Ол өзіне ресми түрде шақырту қағазын табыстауды талап еткен, бірақ олай болмаған. Оны күшпен сүйреп кіргізген. Оның өзі денемді көгертіп, полиция басқармасына күштеп алып кетті деп ашық айтып отыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің нормаларына сәйкес, мұндай ұстау шараларын жүргізбес бұрын, оны медициналық куәландырудан, наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде тексеруден өткізу керек еді. Сондай-ақ адвокатпен қамтамасыз етіп, қайда екенін туыстарына хабарлауы тиіс болатын», – деді жұма күні өткен баспасөз қонақасында заңгер Серік Әбішев.

Әбішев бұл ұстаудың саяси астары болуы мүмкін деп санайды, себебі Мамешова ұсталар алдында білім бөліміндегі заңсыздықтар туралы баяндама жасамақ болған және бұрын экология мен заңсыз құрылыс мәселелерін жиі көтерген.

Белсендінің адвокаты Ғалым Нұрпейісов кінәсіздік презумпциясының(қағидат) бұзылғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, билік органдары Мамешованың айтқандары мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтірді деп санайды.

«Адамның өз пікірін білдіруге құқығы бар, тексеруді талап ететін белгілі бір пікірді айтуға да құқығы бар. Бұл жағдайда олар оның сөйлеген сөзі мемлекеттік органдардың, атап айтқанда, полиция мен прокуратураның беделіне нұқсан келтіріп, сол арқылы мемлекеттік билікке қатысты теріс көзқарас қалыптастырады деп санайды», – деп толықтырды Нұрпейісов.

Заңгерлердің айтуынша, Мамешованың іс бойынша мәртебесі «қорғауға құқығы бар куәгер» болған, ал мұндай мәртебедегі адамды қоғамнан оқшаулауға болмайды.

Естеріңізге сала кетейік, Айжан Мамешова Алматыдағы «Жанұя» балалар үйіндегі заң бұзушылықтар туралы сәуір айында жазба жариялаған. Осыдан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша іс қозғаған.

«Жалпы, 274-баптың өзі шикі, оның саяси астары бар. Бұл бап бойынша Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары да, түсіндірмелері де жоқ. Яғни, ол сараптаманы қажет етеді, ал сараптамасыз адамды қандай да бір ұйымға нақты залал келтірді деп тануға болмайды», – деп санайды заңгер.

Қазіргі уақытта іс тергеу сотына жіберілген, онда бұлтартпау шарасы анықталады. Адвокат белсендінің ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылатынына үміттенеді.

Фото: Коллаж POLITICO.KZ

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий