Зеленский НАТО үшін кетуге дайын екенін мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский 23 ақпанда қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді, егер бұл елдің (Солтүстік Атлантика шарты ұйымы)НАТО-ға кіруіне және бейбітшілікке жол ашса, деп хабарлайды EURONEWS.
Зеленский бұл мәлімдемесін Киевте өткен үкіметтік форумда жасады.
«Егер бұл Украинаға бейбітшілік әкелсе және егер бұл сіздер үшін қажет болса, мен қызметімнен кетуге дайынмын. Егер НАТО-ға кіру үшін осындай талап болса, мен келісемін», – деді Украина басшысы.
Бұл мәлімдеме АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың Украинадағы жағдайға қатысты айтқан сөздерінен кейін жасалды. Өткен аптада Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атап, оның рейтингі 4% ғана екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, ол Украинада президенттік сайлау өткізу қажет деп мәлімдеген еді.
Форум барысында Зеленский Украина қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударды.
«Мен бүгінгі қауіпсіздік мәселелеріне басымдық беремін. Бұл мәселе біз үшін келесі 20 жылдың емес, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі», – деп атап өтті ол.
Зеленский дүйсенбі күні өтетін Еурокомиссия және Балтық елдерінің көшбасшыларымен кездесу туралы сұраққа нақты жауап бермеді.
«Мен қазір барлық мәліметтерді ашқым келмейді. Алайда Украинаға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданады», – деді ол.
Сондай-ақ, президент Украинаға көрсетілетін халықаралық көмектің шарттарын да сынға алды. Ол Вашингтонның Украинаға бөлінетін қаржылық көмектің бір бөлігін қайтару қажеттігі туралы ұсынысымен келіспейтінін мәлімдеді.
«Біз гранттарды қарыз ретінде қабылдамауымыз керек. Бұл кімге ұнаса да, ұнамаса да, біздің ұстанымымыз осындай», – деп мәлімдеді Зеленский.
Украина президентінің бұл мәлімдемелері Киевтің болашақтағы қауіпсіздік стратегиясына және елдің НАТО-ға қосылу ықтималдығына қатысты жаңа сұрақтар туындатуда.
Соңғы жаңалықтар





