Зеленский Сауд Арабиясының ханзадасымен маңызды келіссөз жүргізді

Украина президенті Владимир Зеленский Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Әл Саудпен кездесу өткізгенін хабарлады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ол бұл туралы Telegram-арнасында жазды. Зеленский Мұхаммед бин Салманға халықаралық жағдайға қатысты дана көзқарасы мен Украинаға қолдауы үшін ризашылық білдірді. «Украинаның болашағына сенімділік сөздерін есту өте маңызды болды», – деп жазды ол.
Кездесу барысында екіжақты және басқа серіктестермен байланысты барлық негізгі мәселелер қаралған. Президент Зеленский Мұхаммед бин Салманның бейбітшілік орнатудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Сауд Арабиясының дипломатия үшін маңызды алаң ұсынғанына алғысын жеткізді.
Украина делегациясы Джиддада қалып, 11 наурыз, сейсенбі күні америкалық әріптестерімен бірлескен жұмыс жүргізуді жалғастырады. «Кездесуден нақты нәтижелер күтеміз және украиндық тарап конструктивті ұстанымда болады», – деді Зеленский.
Зеленский мен ханзада Мұхаммед бин Салман соғысты аяқтаудың нақты қадамдары мен шарттарын талқылады. Әсіресе, кездесуде тұтқындарды босату және балаларды қайтару мәселесі көтерілді. Бұл дипломатиялық күш-жігерге деген сенімді арттырудың маңызды қадамы болуы мүмкін. Сонымен қатар, қауіпсіздік кепілдіктеріне де баса назар аударылды.
Кездесуде Сауд Арабиясының Украинаға инвестиция салуға және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екендігі айтылды. Инвестиция үшін қауіпсіздік, энергетика және инфрақұрылым секторлары басым бағыт ретінде белгіленді. Сондай-ақ ханзада Мұхаммед бин Салман Сауд Арабиясының ауқымды экономикалық стратегиясымен бөлісті. «Бұл біздің елдеріміз бен халықтарымыздың күш-қуатын арттырады», – деп қорытындылады Зеленский.
Соңғы жаңалықтар





