Зеленский Трамппен әңгімелесті: Украина атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді

Зеленский Трамппен әңгімелесті: Украина атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді
20.03.2025 09:09
0
403
Фото: AFP
Зеленский мен Трамп бейбітшілік мәселесін талқылады

19 наурызда Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен позитивті, мазмұнды әрі ашық әңгіме өткізгенін хабарлады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Зеленский бұл туралы өзінің Telegram-арнасында жазды.

«АҚШ президенті Дональд Трамппен позитивті, мазмұнды әрі ашық әңгіме өткіздім. 11 наурызда Джидда қаласында украиналық және америкалық командалардың табысты әрі нәтижелі жұмысының басталуына жағдай жасағаны үшін оған алғысымды білдірдім. Командаларымыздың кездесуі соғысты тоқтату жолында айтарлықтай ілгерілеуге көмектесті», – деп жазды Зеленский.

Оның айтуынша, екі ел басшылары Украинадағы соғысты нақты тоқтату және ұзақ мерзімді бейбітшілікке жету үшін бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Зеленский биыл АҚШ-тың қолдауымен және президент Трамптың көшбасшылығымен тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Президент Трамп маған Путинмен болған әңгімесінің егжей-тегжейін және негізгі талқыланған мәселелерді айтып берді. Соғысты толығымен тоқтатудың алғашқы қадамдарының бірі энергетикалық және өзге де азаматтық инфрақұрылымға шабуылдарды доғару болмақ. Мен бұл қадамды қолдап, Украинаның мұны орындауға дайын екенін растадым. Америкалық тарап майдан шебінде атысты ешқандай шартсыз тоқтатуды ұсынды, бұл ұсынысты да Украина қабыл алды. Біз бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін әрі қарай жұмыс істейтін боламыз», – деді Украина президенті.

Зеленский Дональд Трампқа соғыс алаңындағы қазіргі ахуал туралы да жаңартылған ақпарат ұсынғанын айтты.

«Біз Курск облысындағы жағдайды, әскери тұтқындарды босату және ресейлік әскерлердің ұрлаған украиналық балаларды қайтару мәселелерін көтердік. Сонымен қатар Украинаның әуе қорғанысы жағдайын талқылап, халықты қорғау үшін оны күшейтудің жолдарын қарастырдық», – деді ол.

Украина және АҚШ командаларына атысты ішінара тоқтату мәселелерін техникалық жағынан шешу міндеті жүктелді. Екі елдің командалары алдағы күндері Сауд Арабиясында кездесіп, бейбітшілікке қатысты қадамдарды үйлестіруді жалғастырады.

«Біздің кеңесшілеріміз бен өкілдерімізге бұл жұмысты жылдамдату тапсырылды. Командалардың келесі кездесулерінде бейбітшілікке және қауіпсіздік кепілдіктеріне қатысты барлық мәселелер келісілетін болады», – деді Зеленский.

Украина басшысы президент Трампқа және Америка халқына көрсетілген қолдауы үшін алғыс білдірді.

«Украина халқы бейбітшілікке ұмтылады, сондықтан атысты ешбір шартсыз тоқтату ұсынысын қабылдадық. Президент Трамп ұсынған күш арқылы бейбітшілік концепциясының маңыздылығын атап өттім. Біз тұрақты байланыс орнатуға, жоғары деңгейде және командаларымыз арқылы үнемі қарым-қатынаста болуға келістік», – деп түйіндеді Зеленский.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий