Зеленский: Украина Ресеймен кез келген форматта келіссөз жүргізуге дайын

Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің Ресеймен кез келген форматта келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің дәстүрлі кешкі бейнеүндеуінде айтып, Telegram-арнасында жариялады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Мемлекет басшысының сөзінше, 30 сәуір, сәрсенбі күні ол негізінен дипломатиялық бағыттағы бірқатар техникалық жұмыстарды атқарған. Украина серіктестерімен белсенді байланыс орнатылған.
"Қазіргі уақытта маңызды кездесулер мен келіссөздерге дайындалып жатырмыз. Басты басымдық – қауіпсіздік", – деді Зеленский.
Сонымен қатар, ол Люксембургтің сыртқы істер және қорғаныс министрлерімен өткізген келіссөздерге тоқталды. Кездесу барысында Еуропадағы ынтымақтастық пен Украинаны қолдау мәселелері талқыланды. Тараптар соғыс қимылдарын толық тоқтату, яғни кемінде 30 күнге шартсыз бітім жасау қажеттігі туралы келісімге келген.
"Шабуылдарды тоқтатып, бейбіт тұрғындардың қаза табуын доғару қажет. Содан кейін ғана келіссөз үстелінде шешім іздеуге болады. Біз кез келген форматтағы диалогқа дайынбыз. Ресей соғысты тоқтатып, шабуылдарды доғаруы тиіс", – деп қорытындылады Украина президенті.
Соңғы жаңалықтар





