Зейнетақы шотында – 388 млн теңге: еліміздегі ең бай болашақ зейнеткер кім?

08.07.2026 17:42 Әсел МҰРАТ
Зейнетақы шотында – 388 млн теңге: еліміздегі ең бай болашақ зейнеткер кім?
158
Фото: Politico.kz/Максим Золотухин

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражаты ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын салымшылар саны 30 049 адамды құрады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл мәліметтер 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша журналист Игорь Неволиннің сауалына жауап ретінде ұсынылды.

Ең төменгі жеткіліктілік шегі – болашақта лайықты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету үшін салымшының шотында сақталуға тиіс ең аз сома. БЖЗҚ есебіне сәйкес, бұл межеден асқан салымшылардың ең көбі 41 жастағылар арасында тіркелген (1 487 адам). Аталған жас санаты үшін жеткіліктілік шегі 13,76 млн теңгені құрайды.

Сонымен қатар, қор қазақстандықтардың ең ірі зейнетақы жинақтары туралы ақпаратты бөлісті.

Ең үлкен міндетті зейнетақы шотындағы жинақ көлемі – 387 547 976 теңге. Бұл қаражат 51–60 жас аралығындағы ер азаматқа тиесілі.

Екінші орында тұрған 61 жастағы ер адамның шотында 180 685 003 теңге бар. Ал үшінші орында 41–50 жас аралығындағы ер азамат орналасқан. Оның міндетті зейнетақы шотындағы жинағы 151 752 008 теңгені құрайды.

Ең ірі бес зейнетақы жинағының қатарына екі әйел де енген. 51–60 жас аралығындағы әйелдің шотында 125 908 192 теңге, ал 41–50 жастағы тағы бір салымшының жинағы 116 722 719 теңгеге жеткен.

2026 жылдың басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, алғашқы алты ай ішінде ең ірі зейнетақы шотындағы қаражат шамамен 7 млн теңгеге артқан. Ал екінші орында тұрған шоттағы жинақ 2 млн теңгеге жуық азайған. Үшінші орында тұрған салымшының зейнетақы капиталы, керісінше, 6 млн теңгеден астамға өскен.

Әйелдер арасындағы ең ірі зейнетақы жинақтарында да елеулі өзгеріс байқалды. Егер жыл басында 41–50 және 51–60 жас санаттарындағы бірде-бір әйелдің шотында 100 млн теңгеден асатын қаражат болмаса, маусым айына қарай мұндай көрсеткішке екі салымшы қол жеткізген.

Сондай-ақ 61 жастан асқан әйелдер арасында бір салымшының зейнетақы шотында 95 721 470 теңге бар. Жыл басында оның жинағы шамамен 96 131 866 теңгені құраған.

20 жасқа толмаған салымшылар арасында ең ірі зейнетақы жинағы бойжеткенге тиесілі. Оның міндетті зейнетақы шотында 18 596 961 теңге жиналған. Ал осы жас санатындағы жігіттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш 10 525 874 теңгені құрайды.

Войдите, чтобы оставить комментарий