«Жалақы алмай жүрмін»: Олимпиада чемпионы министрлікке өкпесін жеткізді

27.05.2026 19:46 Қарақат АСЫЛОВА
«Жалақы алмай жүрмін»: Олимпиада чемпионы министрлікке өкпесін жеткізді
219
Қазақстандық Олимпиада чемпионы қаржыландыру мәселесіне шағымданды

2026 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақысыз қалғанын айтып, жаңа маусымға дайындықтың қиындап кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтемемен.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушының айтуынша, Миланда өткен Олимпиададағы жеңістен кейін оған жалақы төленбеген. Спортшы бұл жағдайды өзінің Туризм және спорт министрлігіне айтқан сынымен байланыстыруы мүмкін екенін жеткізді.

– Олимпиададан кейін менің жалақым туралы ақпарат жарияланды. Мен бұған қарсылығымды білдірген соң, жағдай өзгере бастады. Қазір жалақы жоқ, алдағы маусымға қалай дайындалатынымды білмеймін. Жаттығу жиындары мен жаңа бағдарламалар жоспарланғанымен, қаржыландыру мәселесі шешілмей тұр, – деді Шайдоров.

Оның сөзінше, команда бірнеше рет бағдарламаларды дайындауға кететін шығынды төлеу мәселесін көтерген, алайда нақты жауап болмаған. Сондай-ақ 1 ақпаннан бастап спортшыға бекітілген дәрігер де алынған.

Шайдоров өзіне қатысты қаржылық ақпараттың жария болуын заңға қайшы деп санайтынын айтты.

– Мен тек спортпен айналысып, Қазақстанның туын биікте желбіреткім келеді. Маған жанжалдың қажеті жоқ. Бірақ шындықты айтқаным үшін қысым көріп жатқандаймын, – деді Олимпиада чемпионы.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылғы Қысқы Олимпиадада Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтын медаль сыйлаған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий