Жамбылда қайын енесінің атына несие алған келін сотталды

08.04.2026 10:21 Арман Ермеков
Жамбылда қайын енесінің атына несие алған келін сотталды
445
Енесін алдап несие алған келінге сот үкімі шықты. ЖИ арқылы жасалған

Жамбыл облысында келіні енесінің телефонын пайдаланып, оның атына жасырын түрде несие рәсімдегені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Жуалы аудандық сотында қайын енесінің келісімінсіз қарыз алып, ақшаны өз қажетіне жұмсаған әйелге қатысты алаяқтық ісі қаралды. Сот мәліметінше, оқиға 2025 жылдың қараша айында болған.

Келін өз атына несие ала алмай қалған соң, енесінің телефонын сұрап алып, растау кодын енгізген және оны алдау арқылы бет-әлпетін онлайн тексеруден өткізген. Сөйтіп енесінің атына 1,5 млн теңге қарыз рәсімдеп, оның шотқа түскен 1,1 млн теңгесін өзіне аударып алып, жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Енесі бұл жағдай туралы банктегі несиенің ай сайынғы төлемі келген кезде ғана бір-ақ білген.

Сот отырысында прокурор келінді 1 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, жәбірленуші тарап тек материалдық шығынды өтеп, келінін қамамауды өтінген. Өз кезегінде келін кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Сот істі қарау барысында әйелдің жас балаларының болуы мен шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Нәтижесінде оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 1,5 млн теңге көлеміндегі материалдық залалды толық өтеу міндеттелді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий