«Жас Қанаттан» бүгінге дейін: Бақыт Шадаева ән индустриясындағы айырмашылықты айтты
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Бақыт Шадаева Qazaqstan ұлттық телеарнасының Tansholpan бағдарламасына қонақ болып, эстрададағы өзгерістер мен өз шығармашылық жолы жайлы сөз өрбітті, деп хабарлайды Politico.kz
Әншінің айтуынша, әр заманның өз талғамы мен хиті бар.
«Әр уақыттың өз ерекшелігі болады. Біздің кезімізде қоғам мүлде басқа еді. Қазіргі кезеңмен салыстырғанда айырмашылық өте көп. Әндер де өзгерді, бұл – заңдылық. Бірақ алғашқы байқаулар мен сол кездегі әндер жүректе мәңгі сақталады. Мен “Жас Қанат” байқауына қатысып, үшінші орын алған едім», – деді ол.
Бағдарлама барысында Бақыт Шадаева сахнадағы стилі мен талғамы арқылы да көпшіліктің назарын аударды. Желі қолданушылары әншінің әлі де жас көрінетінін айтып, жылы лебіздерін жаудырды.
«Үнемі жас әрі талғамды», «Бұл кісі алпысқа таяп қалды дегенге сену қиын», «Сахнаға әдемі көйлектермен шығады, өзі дизайнер дейді», «Дауысы жібектей», «Жас кезімізде сүйіп тыңдайтын едік» деген пікірлер жиі кездеседі.
Көрермендер әншінің сахнаға сирек шығатынын да атап өтіп, сағыныштарын жасырмады. Соған қарамастан, Бақыт Шадаева қазақ эстрадасындағы өзіндік орны мен қолтаңбасын сақтап қалған өнер иесі ретінде халық жадында қала бермек.
Соңғы жаңалықтар