Жемқорлық схемасын әшкерелегені үшін кінәлі танылған блогерге салынған айыппұл заңсыз деп танылды

03.04.2026 09:51 Арман Ермеков
Жемқорлық схемасын әшкерелегені үшін кінәлі танылған блогерге салынған айыппұл заңсыз деп танылды
91

Қазақстанның кассациялық соты Қостанай облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаны жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап сотталған құқық қорғаушы Николай Гиньятовты ақтап шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қостанай облысының адам құқықтарын қорғау орталығының мәліметінше биыл 2 сәуірде кассациялық сот құқық қорғаушыға қатысты шыққан бұрынғы сот үкімдерінің күшін жойды. Осылайша Николай Гиньятовтың әрекетінде экс-шенеунікке қатысты жала жабу фактісі анықталмағандықтан оған тағайындалған айыппұл толықтай алынып тасталды.

Естеріңізге сала кетейік 2025 жылдың соңында Әулиекөл аудандық соты құқық қорғаушыны бұқаралық ақпарат құралдары арқылы шенеунікке жала жапты деп тауып оған 200 АЕК көлемінде айыппұл салған болатын. Бұл іске Николай Гиньятовтың өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық пен медициналық құрал-жабдықтарды сатып алудағы қаржылық бұзушылықтар Гүлбарам Мұсағазинаның тікелей қатысуымен жүзеге асты деген мәлімдемесі себеп болған. Сол кезде сот шенеуніктің ар-намысына нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратылды деген шағымын қанағаттандырып үкім шығарған еді.

Айта кетейік биыл 12 ақпанда Қостанай облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның билігін және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Жергілікті басылымдар бұл жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев пен оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері мен кәсіпкер қамауға алынған іспен байланыстырады.

Тергеу мәліметінше күдіктілер медициналық құрылғыларды тым қымбат бағамен сатып алу арқылы мемлекет бюджетіне 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Егер Гүлбарам Мұсағазинаның кінәсі дәлелденсе ол мүлкінен және белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан айырыла отырып 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий