"Жеті шелпек пен Құран бағыштау дұрыс па?": ҚМДБ қазақы дәстүрлерге қатысты түсініктеме берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) марқұмдарға Құран бағыштау, жеті шелпек пісіру және ас беру сияқты ұлттық салт-дәстүрлердің шариғаттағы орнына қатысты арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Діни басқарма теріс ағым өкілдерінің ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарды біржақты түрде "бидғат" деп бағалап, қоғамда діни түсініспеушілік пен алауыздық тудырып отырғанын атап өтті. Басқарманың түсіндіруінше, шариғат қағидаларына қайшы келмейтін, діндегі ізгі талаптарға сай амалдар рұқсат етілген сауапты істерге жатады.
"Бабаларымыздың шариғат аясында жасап келе жатқан садақа дастарханын бидғат санап, үзілді-кесілді теріске шығару дұрыс емес. Дүниеден өткен жақын адамның атынан садақа жасауға исламда негіз бар және мұндай амалдардың сауабы марқұмға жететіні хадистерде анық айтылған", – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар ҚМДБ қазақ арасындағы жетісін, қырқын немесе жылдық асын беру дәстүрі мақтану үшін емес, ағайынның басын қосып дұға жасау, нәпіл садақа үлестіру және қара жамылған отбасына рухани әрі материалдық қолдау көрсету мақсатында қалыптасқанын жеткізді. Бұл ұстаным қазақтың "Қазалы үйде қазан көтерілмесін" деген қағидасымен және пайғамбар сүннетімен толық үндеседі.
Діни басқарма жұртшылықты дәстүрдің сыртқы көрінісіне ғана қарап үкім шығармай, оның түпкі діни және рухани мәніне терең назар аударуға шақырды.
Соңғы жаңалықтар