Жетім қызды зорлау оқиғасы: Дина Төлепберген күдіктіге кінәсін мойындатты
Балалар үйінің түлектері кезекті мәрте қамқоршы тарапынан жасалған заңсыздық пен зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда. Журналист Дина Төлепберген кәмелетке толмай, панасыз қалған қыздың басынан өткен оқиғасын бөлісіп, мекемеден кейінгі қамқоршылық жүйесіндегі олқылықтар мен заңбұзушылықтарды баяндады. Оның айтуынша, заңды өкілі тарапынан жылдар бойы қорлық көрген қыздың арызы ұзақ уақыт бойы елеусіз қалып келген, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы тележүргізуші Дина Төлепберген «Замандас» подкастында әңгімеледі.
«Бізге балалар үйінде өскен бір жетім қыз келді. Ол өзін қамқоршысының зорлап жүргенін айтып арызданды. Қыз бала бұл жайтты ешкімге де дәлелдей алмай жүр екен. Алты жыл бойы... Яғни, балалар үйінің тарбиеленушілері белгілі бір жасқа толған соң, мекемеден шығарылады ғой. Ондай кезде ауылдағы беделді азаматтар ол балаларды өз қамқорлығына алады екен. Сол ауылдағы дәулетті азаматтардың бірі бұл қызды өз қамқорлығына алған. Ол кісінің, әрине, өз отбасы, әйелі, бала-шағасы бар, ел арасында сыйлы адам. Содан да қыздың «бұл адам маған күнде зорлық-зомбылық көрсетеді, мұны қалай дәлелдеймін?» деген сөзіне ешкім сенбеген. Ол қыз бізге келген кезде 17-18 жастарда болатын. Яғни, заң бойынша белгілі бір жасқа жеткеннен кейін балалар үйінде ұстамайды, шығарады ғой. Ал ол қыздың әлі баспана кезегі келмеген, өз үйі де жоқ», — деді Дина Төлепберген.
Жәбірленушінің денсаулық жағдайы мен қолда нақты дәлелдің болмауы істі қозғауға алғашында едәуір кедергі келтірген. Дегенмен, медициналық құжаттар мен анамнезді тексеру барысында заңсыз жасалған жасанды түсік дерегі анықталып, тергеудің жаңа мән-жайлары белгілі болды.
«Біздің де басында істі қабылдамауға себебіміз болды. Өйткені, біріншіден, ол — жетім қыз, екіншіден, оған «жеңіл дәрежедегі ақыл-есі кемістігі бар» деген диагноз қойылған. Диагнозы бар әрі қолда ешқандай дәлел жоқ. Мұндай жағдайда кінәні қалай дәлелдеуге болады, неден ұстауға болады? Содан мен қызға: «Басыңнан өткен жағдайды, қашан және қалай басталғанын, не болғанын айтып берші», — дедім. Оның ақыл-есінде сәл кемістігі болғаны болмаса, болған оқиғаны, күнін, уақытын, бәрін де өте нақты айтып берді. Сосын біздің назарымызды аудартқан бір факт — оған жасанды түсік жасатқан екен. Біз сол аборт жасалған жерге барып, дәрігерлермен сөйлестік, анамнезін қарап шықтық. Сол жерде, өкінішке қарай, жүктілік мерзімі өтіп кеткендіктен, аборт жасауға болмайтын кезде жасатқаны анықталды. Ол кезде ұрық дамып, кәдімгідей үлкен бала болып қалған екен. Мен: «Жарайды, сіздер бұл әрекетті таныс-тамыр арқылы жасаған екенсіздер. Бүкіл консилиумды жинаймыз. Мұнда заңбұзушылық болғанын түсініп отырмыз. Өйткені медициналық көрсеткіштер бойынша оның босануына толық мүмкіндігі бар еді. Ал егер ол босанғанда, кейін ДНҚ сараптамасын жасап, мынау — әкесі деп, жауапқа тартар едік», — дедім. Содан кейін де олар бізге ешқандай дәлел бере алмады. Мен: «Жарайды, аборт жасалғаннан кейін қалған тін қайда? Кім жерледі? Медициналық заңнама бойынша, аборт жасалған жағдайда баладан сынама ретінде тін қалдырылуы тиіс еді ғой», — дедім. Ал ол да жоқ болып шықты. Оны жерлеген — сол қамқоршысы екен. «Қай жерге жерледіңіз? Эксгумация жасаймыз, құқық қорғау органдарын араластырамыз», — дедік. Ондай процедураларды жүргізу оңай емес. Түбінде ол қай жерге жерлегенін таппай, «ұмытып қалдым» деп сылтауратты», — деді тележүргізуші.
Ер адамның жауаптан қашуы мен заңсыз әрекеттерін жасыру әрекетінен соң полиграф тексерісі ұйымдастырылған. Арнайы тексеріс нәтижесінде қылмыс құрамы дәлелденіп, құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Бұл оқиға аталған мекемедегі басқа да жүйелі заңбұзушылықтардың бетін ашуға түрткі болды.
«Содан соң мен: «Жарайды, олай болса...» — дедім. Ол жерде былайша айтқанда өте тартысты диалог болды. Мен оған: «Сіз жерлеген орнын таппадыңыз. Бірақ маған оны зорламадым деп сенімді түрде айтып отырсыз ғой, ә? Онда шынымен де кінәсіз болсаңыз, жүріңіз, өтірікті анықтайтын детекторға отырыңыз. Содан кейін мен де сізге сенейін. Өйткені сіз тіпті қайда жерлегеніңізді де білмейсіз, басқалай сізге қалай сенуге болады?» — дедім. Бұл сөз оны есеңгіретіп тастады. Өйткені өкінішке қарай, біз құқық қорғау органы болмағандықтан, полиграфқа отырғызуға мәжбүрлей алмаймыз, тек көндіре аламыз. Сонымен біз ол кісіні полиграф тексерісіне апардық, нәтижесінде оның зорлық-зомбылық жасағаны анықталды. Осы фактілердің барлығын жинап, құқық қорғау органдарына өткіздік, содан кейін қылмыстық іс қозғалды. Осы оқиғадан кейін сол балалар үйінен тура осылай қорлық көрген тағы 20-ға жуық қыз бізге көмек сұрап келді. Ол жерде, шынын айтқанда, қылмыстық топ жұмыс істеп келген екен. Кейін, әрине, ол мекеменің басшылығы ауысты», — деді Дина Төлепберген.
Соңғы жаңалықтар