Жұмысты тоқтатуға құқылы: Қазақмыс қызметкерлерін өндірістегі қауіпсіздікке оқыта бастады

07.04.2026 11:04 Арман Ермеков
Жұмысты тоқтатуға құқылы: Қазақмыс қызметкерлерін өндірістегі қауіпсіздікке оқыта бастады
61
Фото: KAZAKHMYS

Балқаш қаласында Қазақмыс корпорациясы жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өндірістік қауіпсіздік бойынша жаңа оқыту бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды Politico.kz.

Балқаш қаласындағы кадр даярлау орталығында Қазақмыс компаниясының қызметкерлеріне арналған QauipsizdikStart (QStart) кіріспе курсы басталды. Қауіпсіздік жылы аясында қолға алынған бұл жобаны Балқаш және Сәтбаев қалаларының мамандары ішкі оқыту тұжырымдамасына сүйеніп арнайы әзірлеген.

Офлайн форматта өтетін 8 сағаттық курс соңында жұмысшылар арнайы тестілеуден өтеді. Бағдарлама барысында қатысушыларға өмірді сақтайтын ережелер, тәуекелді бағалау және техникамен қауіпсіз жұмыс істеу тәртібі түсіндіріледі. Сонымен қатар қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарын дұрыс қолдануды және апаттық жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін үйренеді.

Оқыту кезінде әрбір жұмысшының жеке жауапкершілігіне және адам өміріне қауіп төнген кезде жұмысты тоқтату құқығына ерекше назар аударылып отыр. Сабақ барысында нақты өндірісте болған түрлі жағдайлар талданады.

Қазіргі уақытта жаңа курстан 36 адам өтіп үлгерді, ал осы апта ішінде барлығы 55 қызметкерді оқыту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта компания өзінің негізгі жұмысшыларын біртіндеп толық оқытып шықпақ. Бұл шара өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендетіп, оқыс оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий