Журналист Думан Мұхамедкәрім Қызылорда түрмесінде қысым көріп жатыр

Журналист, белсенді Думан Мұхамедкәрім Қызылорда түрмесінде бір айдан бері карцерде отыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ арнасына сілтеме жасап.
Түрме әкімшілігінің айтуынша, ол ішкі тәртіпке бағынбағаны үшін сондай жаза алған. Адвокаты мұны психологиялық қысым деп санайды.
– Думанды қатаң жағдайға өткізді, жалпы режим ішінде қатаң жағдайға өткізді. Қазір Думан туыстарымен кездесе алмайды, тыйым салынған. Думанға сәлемдемелер, сыйлықтар келмей жатыр, ол үшін Думанмен тек адвокат кездесе алады, басқаларға тыйым салынған. … Карцерде тек қана қабырғада бір жатақхана бар, бір койка, ол түнде түсіріледі, күндіз алынады. Бір табурет. Болды, бетон, еден басқа ештеңе жоқ. Тұрып жүреді, орындыққа отыра алады.
Думан Мұхаммедкәрім осымен карцерге екінші рет қамалған. Біріншісінде түрме киімін кимегені үшін 6 күн отырып шыққан. Түрме киімінен екінші рет бас тартқан соң жалғыз адамдық камераға бір ай отырған. Үшіншісінде карцерге екі айға жапқан. Бұл жолы да форма киюден және қоғамдық әжетхананы жуудан бас тартқаны үшін жазаға тартылған.
Адвокатының айтуынша, Думан өзі отырған камераның тазалығына жауапкершілік алған, бірақ қоғамдық орынды жууға міндетті емес екенін айтқан. Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Думан өзін заңсыз сотталды деп есептейді, сол үшін форма киюден бас тартқан.
Нұрпейісов оны кейінгі рет қаңтарда көрген, денсаулығы бірқалыпты дейді. Ол Қызылордаға ауысқалы 2-3 рет ауруханаға шығарылған. Думан Мұхамедкәрім өзі тіркелген тұрғылықты жердегі мекемеге емес Қызылорда түрмесіне қамалғанына да наразы.
Азаттық аталған мекемеге Мұхаммедкәрім туралы сұрақтар жолдады, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің өкілі ақпаратты анықтап сұрап жатқанын айтты. Видео жарияланғанша жауап келген жоқ.
Соңғы жаңалықтар





