Журналист Думан Мұхаммедкәрім түрмеден хат жолдап, соттың әділетсіз өткенін айтты

Журналист Думан Мұхаммедкәрім түрмеден хат жолдап, соттың әділетсіз өткенін айтты
20.03.2025 17:06
0
244
jambylinfo.kz
Журналист экстремистік айып бойынша әділетсіз сотталғанын мәлімдеді

Экстремистік баптар бойынша жеті жылға сотталған журналист әрі азаматтық белсенді Думан Мұхаммедкәрім түрмеден жазған хатында өз ісінің әділетсіз өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ арнасы.

Журналистің хаты 2024 жылы қарашада Азаттық радиосына жолданғанымен, редакцияға кешігіп жеткен. Журналист өз үстінен қозғалған іс бойынша тергеу де, сот та әділ өтпегенін айтқан.

«Ақорда маған қарсы полицайларын, түрме әкімшілігін, прокуратурасы мен сотын айдап салып, өзі "оқпанасынан” шықпай жатып алды. Бұлар "соғыста" соғыс ережесін ұстанбайды. Екіжүзді, сайқал тәсілмен алыстан атып жоқ болады. Қанша рет ашық айқасқа шақырдым, жекпе-жекке шығыңдар дедім. Шықпай қойды. Тергеуге мені қатыстырмай қойды. Мені бірнеше рет аштық жариялауға мәжбүрлеп, екі мәрте қолымды тілуге итермелеп, бір жыл дегенде іспен әрең таныстырған еді. Бұл алғашқы инстанцияда. Ал апелляциялық сот отырысына келгенде өз ісіммен өзімді мүлдем таныстырмай қашты. Ресми жауаптары: "іс жабық болғандықтан істің көшірмесі берілмейді". "Есікті жауып алып соттағандарыңыз аздай, енді іспен таныстырмай соттағандарыңыз ұят емес пе?" деген сұрағым жауапсыз қалды. Сөйтіп бастан-аяқ ойдан құрастырылған, әр беті (куәлар жауабы, менің қолым, тергеушінің қаулылары) қолдан жасалған 10 томдық қияли іспен 10 жылға сотталып кеттім. Оның жеті жылы қауіпсіздігі орташа түрме, үш жылы бостандықтағы шектеулер.», – деп жазған журналист.

Оның сөзінше, тергеу барысында оған қысым жасалған. Ол бірнеше мәрте аштық жариялап, екі рет қолын тілуге мәжбүр болғанын жеткізді.

Думан Мұхаммедкәрім былтыр тамызда экстремистік екі баппен сотталып кеткен болатын. Сот прокурордың сұрауымен жабық өтіп, журналистер мен туыстары сот залына кіргізілмеген.

Журналистің ісіне шетелде тұратын саясаткер Мұхтар Әблязовтен алған сұхбаты себеп болған. Айыптаушы тараптың пікірінше, ол сұхбат барысында экстремистік идеялар айтып, Әблязовтің халықтан ақша жинайтын шоттарын жариялаған.

Сот үкімі бойынша Думан Мұхаммедкәрім жеті жылын орташа қауіпсіздіктегі түрмеде өткізіп, қалған үш жылын бостандықтағы шектеулермен өтеуі тиіс.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий