«Журналистердің парақшаларын бұғаттамаймыз»: Балаева БАҚ өкілдері мен блогерлерге үндеу жасады
Сайлауалды науқан кезінде журналистердің, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты туындаған сауалдарға байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министр медиа өкілдерінің кәсіби қызмет атқаруға және фото-видео түсірілім жүргізуге заңды құқығы бар екенін еске салды.
«Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы.
Бұл ретте журналистер де, блогерлер де адамның келісімінсіз мынадай үш жағдайда түсірілім жүргізе алады:
- Егер адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;
- Егер таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса, сондай-ақ ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жариялаған жағдайда;
- Егер адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болса.
Сонымен қатар, Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдарының, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпаратқа жеке тоқталды.
Министр ведомствоның әлеуметтік желілерге кіруді шектеумен айналыспайтынын, ал мұндай әрекеттер тек мемлекеттің беделіне нұқсан келтіру құралы екенін атап өтті.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл Министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді», – деді министр.
Министрдің пікірінше, сөз бостандығы азаматтың жауапкершілігін де қатар талап етеді.
«Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең», – деді ол.
Сонымен қатар министр сөз бостандығы ақпарат таратқан адамға жауапкершілік жүктейтінін айтты. Журналистер мен блогерлер ақпараттың анықтығын тексеріп, дереккөздерге мұқият қарауы керек.
Министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Алайда заңсыз контент пен заңды пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату қажет екенін айтты.
Балаева БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар