«Зорлады деп арыз жазамыз»: Жігіттермен қыз боп танысқан алаяқтар ұсталды

Алматы қаласында полиция қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы ер адамдарды алдап, ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды POLITICO.KZ Жетісу аудандық полиция басқармасына сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, алаяқтардың әрекет ету тәсілі қарапайым болған. Қылмыскерлер қыздың атынан әлеуметтік желі арқылы ер адамдармен танысып, оларды пәтерге кездесуге шақырған. Алайда “романтикалық кездесу” басталған сәтте пәтерге өздерін қыздың туысы ретінде таныстырған екі ер адам кіріп келіп, жәбірленушіден ірі көлемде ақша талап еткен.
Олар ақша беруден бас тартқан жағдайда зорлау фактісі бойынша полицияға арыз жазамыз деп қорқытып, “мәселені сотсыз шешу үшін” ақша төлеуді талап еткен.
«Қылмыстық топ өз құрбандарының қорқынышы мен беделін пайдаланып, ақша бопсалауды көздеген. Алайда олардың әрекеті дер кезінде анықталды», – делінген полиция хабарламасында.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция ер адамдарды алдап, ақша бопсалаған "қыз" бен оның екі сыбайласын қолға түсірді. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы (“Бопсалау”) бойынша іс қозғалды. Полиция күдіктілердің осындай тәсілмен жасалған басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары азаматтарға бейтаныс адамдармен интернет арқылы танысу кезінде сақ болуға және күмәнді жағдайларда дереу полицияға хабар беруге кеңес береді.
Соңғы жаңалықтар





