“100 тоннадан астам газ жағылған”: Атырауда тұрғындар шағымданғаннан кейін зауыттан заң бұзушылықтар анықталды

07.10.2026 • 19:13 Қарақат АСЫЛОВА
“100 тоннадан астам газ жағылған”: Атырауда тұрғындар шағымданғаннан кейін зауыттан заң бұзушылықтар анықталды
361
Фото: Ulysmedia.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізілген жоспардан тыс тексеріс барысында экологиялық талаптардың бірқатар бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Тексеру материалдары әкімшілік іс ретінде сотқа жолданған.

Тексеруге Атырау тұрғындарының атмосфералық ауаның сапасына қатысты көптеп шағымдануы себеп болған. Осыдан кейін облыстық Экология департаментінің мамандары кәсіпорында бақылау жұмыстарын жүргізген.

Тексеру кезінде зауыттың бірқатар өндірістік нысандарында шығарындылар көлеміне қатысты қажетті есептеулер жүргізілмегені және рұқсат етілетін шығарындылар нормативтері белгіленбегені анықталған.

Бұдан бөлек, 25 тамызда және 2-7 қыркүйек аралығында КУПС пен УКК қондырғыларындағы апаттық жағдайларға байланысты газ факелдік қондырғыға жіберіліп, жағылған. Оның жалпы көлемі 100 тоннадан асқан.

Зертханалық және аспаптық бақылау барысында да бірқатар өндірістік көздерден тарайтын көміртек тотығы, азот оксиді мен азот диоксиді бойынша белгіленген нормадан жоғары көрсеткіштер тіркелген.

Мамандар автоматтандырылған эмиссия мониторингі жүйесінің жұмысында және қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде шығарындыларды азайтуға бағытталған шараларды орындауда да заң талаптарының сақталмағанын анықтаған.

1 қазанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау жөніндегі шешімдер прокурормен келісіліп, материалдар сотқа жіберілді. Сонымен қатар тексеру нәтижелері құқық қорғау органдарына жолданып, іс-әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын анықтау тапсырылды.

Ал «Атырау мұнай өңдеу зауыты» өкілдері экология органдарының кейбір тұжырымдарымен келіспейтінін мәлімдеді. Кәсіпорын басшылығы ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 пештері бойынша шығарындылар есептеулері бар екенін айтып отыр.

Зауыт мәліметінше, қолайсыз ауа райы туралы ескерту түскен кезде шығарындыларды азайтуға арналған жоспардағы шаралар іске асырылады. Кәсіпорын бұл жұмыстар нәтижесінде шығарындылар қуатын шамамен 42 пайызға төмендетуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Ал факелге газ жіберу өндірістік процестің ерекшеліктері мен кейбір қондырғылардағы ақауларға байланысты болғаны айтылды. Зауыттың мәліметінше, 2-7 қыркүйек аралығында санитарлық-қорғау аймағының шекарасында күкіртсутек мөлшерінің нормадан асуы тіркелмеген.

Кәсіпорын өкілдері мәселенің түпкілікті құқықтық бағасын сот шешімі шыққаннан кейін анықтау қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында Атырау тұрғындары қаладағы өткір иіс пен ауаның сапасына қатысты жаппай шағымданған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий