30 жылдан кейінгі кездесу: Ақтөбеде әже балаларымен қайта қауышты

13.04.2026 17:29 Мөлдір Талғат
30 жылдан кейінгі кездесу: Ақтөбеде әже балаларымен қайта қауышты
67
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Ақтөбе облысында 72 жастағы кейуана араға 30 жыл салып, балаларымен қайта табысты. Бұл әсерлі оқиға учаскелік полицейдің көмегімен жүзеге асты, деп хабарлайды Politico.kz.

Қарғалы ауданына қарасты Қосестек ауылына жаңадан қоныстанған Людмила Скрипниктің жағдайы жергілікті полиция қызметкері Айболат Бекнияздың назарын аударған. Қарт ананың ешбір құжаты да, жақын туыстары да болмаған.

Полицей оның жеке басын анықтау үшін мұрағаттарға сұрау салып, нәтижесінде 30 жылдан астам уақыт бұрынғы деректерді тапқан. Сол құжаттар арқылы қарияның үш баласы бар екені белгілі болды.

“Телефон тұтқасын көтерген әйел адамнан “Людмила Скрипникті танисыз ба?” деп сұрағанымда, ол қатты толқып кетті. Ол өзінің көп жыл бұрын жоғалтқан анасы екенін айтты”, – дейді Айболат Бекнияз.

Кейін полицей қарияны балаларымен видеобайланыс арқылы сөйлестірген. Ұзақ жылдардан кейін бір-бірін көрген отбасы мүшелері ерекше толқынысқа бөленген.

Дегенмен, қарт ананың денсаулығы бірден жолға шығуға мүмкіндік бермеген. Осыған байланысты учаскелік инспектор ауыл дәрігерімен бірге оны бір ай бойы емдетіп, жағдайын жақсартқан.

Сәуір айында денсаулығы түзелген әже Павлодар қаласына аттанып, балаларымен қауышты.

“Менің қайғыма бейжай қарамай, көмек қолын созған жалғыз адам – Айболат болды. Балаларымды тауып бергеніне алғысым шексіз”, – дейді қария.

Белгілі болғандай, 30 жыл бұрын Людмила Скрипник ауыр жағдайға тап болып, балаларынан ажырап қалған. Балалары туыстарының қолында өссе, анасы басқа елде өмір сүріп, дерт салдарынан оларды таба алмаған.

“Осындай сәтке куә болғаныма өзім де қуандым. Қиындыққа қарамастан, балалардың бір-бір отбасы болып, аяққа тұрғанын көру – үлкен бақыт”, – дейді полицей Айболат Мұратұлы.

Бұл оқиға көпшіліктің жүрегін елжіретіп, мейірім мен үміттің ешқашан жоғалмайтынын тағы бір дәлелдеді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий