31 тамызда бірқатар өңірде жаңбыр жауып жел күшейеді
Жаздың соңғы күнінде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы күрт бұзылады. «Қазгидромет» мемлекеттік мекемесі Астана қаласы мен бірнеше облыста үсік жүріп, жауын-шашын соңы қарға ұласатынын мәлімдеді.
Синоптиктердің болжамынша, 31 тамызға қараған түні Астанада топырақ бетінде 1 градус үсік күтіледі. Алдағы екі күнде аймақтарда ауа температурасы одан әрі төмендейді.
Метеорологтар төмендегі өңірлерде 1-3 градусқа дейін үсік жүретінін ескертті:
• Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарының солтүстігі мен батысында;
• Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында.
Күздің алғашқы күндерінде еліміздің солтүстігі мен шығысындағы жаңбырдың соңы жылбысқы қарға айналады. Бұл құбылыс Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелмек.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында ауа райы өте құбылмалы болады. Түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні секундына 25-28 метрге дейін жетуі ықтимал.
Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында да найзағай ойнап, бұршақ жауады. Ақмола мен Павлодар өңірлерінің кей жерлерінде өткінші жаңбыр жауып, көріну қашықтығын шектейтін тұман байқалады.
Оңтүстік өңірлерде жағдай басқаша қалыптасады. Алматы облысының басым бөлігінде 35 градусқа дейін қатты ыстық сақталады. Бұған қарамастан, өңірдің орталығында шаңды дауыл көтеріліп, таулы аудандарда найзағай ойнайды.
Алматы қаласы мен Іле Алатауы бөктерінде күннің екінші жартысында өткінші жаңбыр жауады. Желдің жылдамдығы секундына 18-23 метрге дейін күшейеді.
Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарының таулы аудандарында нөсер жауын мен бұршақ түсуі мүмкін. Ал Шымкент қаласында жел күшейіп, төтенше өрт қаупі сақталады.
Еліміздің батысы мен орталығында да өрт шығу қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрып, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады.
Қарағанды мен Ұлытау облыстарында найзағайлы жаңбыр мен қатты жел болжанып отыр.
Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады. Бұл аймақтардың ішінде тек Маңғыстаудың батысы мен орталығында ғана өткінші жаңбыр жаууы ықтимал.
Соңғы жаңалықтар