5 жасар баланы азаптады деген күдік: Істе күтпеген мәліметтер шықты

23.06.2026 17:18 Мөлдір ҚАЙНАР
5 жасар баланы азаптады деген күдік: Істе күтпеген мәліметтер шықты
58
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Ақмола облысында жапан далада жалғыз жүрген жерінен табылған 5 жасар балаға қатысты іс қоғам назарында қалып отыр. Тергеу мәліметінше, бүлдіршінді аяусыз ұрып-соқты деген күдікпен оның әкесінің ағасы жауапқа тартылған,  деп хабарлайды Politico.kz.

Күдіктінің адвокаты бұлтартпау шарасын санкциялау кезінде сот залына арнайы жасақ қызметкерлерінің көптеп кіргізілуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қорғауындағы азамат полиция майоры болып қызмет етеді және бұрын құқық қорғау органдарының есебінде тұрмаған.

Ал аудандық сот алдына жиналған туыстары мен ауылдастары күдіктінің отбасын жағымды жағынан сипаттап, тергеу барлық мән-жайды анықтайды деген үміт білдірді.

Дегенмен Ақмола облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Әсем Апаева баланың ауыр зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді.

«Бала ауыр азаптау мен зорлық-зомбылықтан кейін ауруханаға түсті. Мен онымен өзім сөйлестім. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр», – деп жазды өңірлік уәкіл.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Бала 17 маусымнан бері ата-анасынан бөлек ем қабылдап жатыр. Оның нақты қай медициналық мекемеде жатқандығы жарияланған жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий