Абай облысында жүргізуші куәлігін ақшаға сатқандар ұсталды
Абай облысында жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеу бойынша сыбайлас жемқорлық схемасының жолы кесілді, деп хабарлайды Politico.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтемемен.
Тергеу мәліметінше, арнайы ХҚКО-ның жекелеген қызметкерлері делдалдар арқылы жүргізуші куәлігін алуға ниетті азаматтардан ақша алып, теориялық және практикалық емтихандардан «сәтті өткізуге» көмектескен.
Сонымен қатар, заңсыз схемаға қатысқан делдалдар емтихан тапсырушыларға арнайы техникалық құрылғылар беріп, теориялық сынақ кезінде сырттан жауап алып отыруға жағдай жасаған. Аталған құрылғылар тәркіленіп, заттай дәлел ретінде тіркелді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Абай облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері арнайы ХҚКО-ның лауазымды тұлғаларын ұстады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға және заңсыз схемаға қатысы бар өзге тұлғаларды белгілеуге бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Прокуратура пара беру, пара алу және мемлекеттік қызметтерді заңсыз жолмен алу әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Соңғы жаңалықтар