"Адамдар дұға ете бастады": Ақтауға ұшқан Air Astana ұшағында ақау табылды

01.09.2025 13:03
0
362
Сурет: Бейнеден кадр

Air Astana ұшағында техникалық ақау тіркелді, деп хабарлайды POLITICO.KZ

31 тамыз күні Алматы-Ақтау бағытындағы КС 859 рейсін орындаған әуе кемесінде техникалық ақау анықталды. Бұл ақпаратты әуе компаниясының баспасөз қызметі растады.

Ресми мәліметке сәйкес, Ақтау қаласына жақындаған кезде экипаж техникалық ақау туралы хабарлап, нұсқаулыққа сәйкес басымдықпен қонуға рұқсат сұраған. Осыдан кейін ұшақ қауіпсіз биіктікке төмендеп, Ақтау әуежайына аман-есен қонған. Қазіргі уақытта әуе кемесіне тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Кейінгі КС 860 Ақтау-Алматы рейсінің жолаушылары басқа әуе кемесімен тасымалданды.

ZTB telegram-арнасында тараған бейнематериалдарда рейстің жолаушылары оқиғаның қалай өткенін сипаттады. Куәгерлердің айтуынша, әуеге көтерілген сәттен-ақ ұшақ ішінде бөгде дыбыстар естілген. Шамамен жарты сағаттан соң әуе кемесі биіктікті күрт төмендеткен. Жолаушылардың сөзіне қарағанда, төмендеу шамамен 10–15 минутқа созылған.

Оқиға кезінде салонда абыр-сабыр орын алғаны айтылды. Кейбір жолаушылардың орнынан тұрып кеткені, ал бортсеріктердің абыржығаны жеткізілді. Адамдар қорыққаннан дұға ете бастаған.

Әуе компаниясы тексеріс қорытындысы кейін жарияланатынын хабарлады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий