Әл-Фарабидегі жол апаты: сотта полиция бастығының бұрынғы орынбасары жауап берді
Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот отырысы жалғасуда. Медеу аудандық сотында қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев өзінің қызметтік жүргізушісіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтемемен.
Сотталушы орындығында полиция қызметкері Әсет Жақсылықов отыр. Ол 2025 жылдың мамыр айынан бастап Ержан Ұзабаевтың жеке жүргізушісі болып жұмыс істеген. Оған ауыр салдарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздігі үшін айып тағылуда. Бұл бап бойынша күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ өмір бойына белгілі бір қызметтерді атқару құқығынан қағылады.
Қыркүйектің 7-сі күні бұрынғы шенеунік сотта куәгер ретінде сөз сөйледі. Оның айтуынша жүргізушіге қызметтік Hyundai Palisade көлігі бекітілген.
«Маған Hyundai Palisade бекітілді. Оны тек жүргізуші басқарды. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін автокөлік автошаруашылықта, гаражда болуы керек еді», – деді Ұзабаев.
Куәгердің сөзінше 20 наурызда жүргізуші оны арнайы іс-шараға апарып, сағат 21:30 шамасында үйіне жеткізген.
«Тапсырмалар литерлік іс-шарада болды. 21:30-да ол мені жеткізді, мен үйде қалдым. Одан әрі ол автошаруашылыққа баруы керек еді. Оның сол кештегі қандай да бір жоспары туралы білген жоқпын», – деді бұрынғы полиция басшысы.
Алайда жүргізуші гаражға бармаған. Бұған дейін сотта белгілі болғандай ол Александр Пак пен оның таныстары отырған мейрамханаға барған. Қызметтік көліктің қозғалысын сол түні неге ешкім бақыламағанын Ұзабаев түсіндіре алмады. Көлікте GPS орнатылғанымен, бұл мәселеге автошаруашылық басшылығы жауапты екенін айтты.
Прокурорлар жедел нөмірлер туралы да сұрады. Ұзабаевтың айтуынша жүргізуші жедел нөмірлерді өзі орнатып, өзі шеше алады.
«Жүргізуші автошаруашылыққа өзі рапорт жазады. Нөмірлерді де жүргізушінің өзі орнатып, шешеді. Жедел нөмірлерді жеке сипаттағы сапарларға пайдалануға рұқсат берілмейді. Мен қандай нөмір тұрғанын білген жоқпын», – деп түсіндірді ол.
Прокурорлар Ұзабаевтан жол апатын жасаған Александр Пакты танисыз ба деп сұрады. Ол Пакты шетелде кездейсоқ бір рет көргенін және жүргізушісінің онымен таныс екенінен хабарсыз болғанын мәлімдеді. Ал сотталушы қызметкері туралы тек жақсы пікір білдірді. Оны өз жұмысын ұқыпты орындайтын маман ретінде сипаттады.
Үш адамның өмірін қиған апат
Қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болды. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr көлігі қарсы бетке шығып, Mercedes-пен соқтығысты. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен оның 20 және 22 жастағы екі жолаушысы қаза тапты. Zeekr тізгініндегі 33 жастағы Александр Пак тірі қалды. Сараптама оның жеңіл дәрежеде мас болғанын көрсетті. Маусым айында сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі қызметтік тексеріс жүргізді. Наурыздың 26-сы күні Ержан Ұзабаев және әкімшілік полиция мен қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды. ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев жол апатынан бөлек полиция басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты іс тергеліп жатқанын сол кезде мәлімдеген болатын.
Сот процесінде Жақсылықов қызметтік көлікті басшылықтың рұқсатынсыз жеке мақсатта пайдаланғанын мойындады. Сондай-ақ мейрамханада ол алкоголь ішпедім деп сендіргенімен, шотта виски, текила және сыра болғаны анықталды. Апат алдында Жақсылықов мен Пак қос тұтас сызықты кесіп өтіп, Әл-Фараби даңғылында бір-бірін кезекпен басып озған. Апаттан соң полиция қызметкері досын көліктен шығаруға көмектесіп, оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін ол аурухана маңында қызметтік көлігінің нөмірін ауыстырған. Адвокаттың бұған қатысты сұрағына ол жауап беруден бас тартты.
Трагедиядан кейін тағы бірнеше қылмыстық іс қатар тергелді. Оның бірі элиталық нөмірлерді заңсыз беруге қатысты. Ішкі істер министрлігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті билікті асыра пайдалану бабымен іс қозғаған. Іс маусым айында жабылып, шілдеде қайта қаралды. Пак басқарған көлікте 100 QR 02 жалған нөмірі болған. Сонымен қатар мейрамханада ішімдік ішпедік деп жалған жауап берген куәгерлерге қатысты іс те тамыз айында қайта жанданды.
Айта кетейік Ержан Ұзабаев блогер Әділетхан Молдаханға қатысты істе жәбірленуші болған еді. Шілдедегі сот шешімімен блогер Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаевқа моральдық зиян үшін әрқайсысына 2 млн теңгеден төлеуге міндеттелді. Оған қоса өкілдік шығындарын өтеу үшін тағы 1 млн теңгеден беруі тиіс.
Соңғы жаңалықтар