Алғабастағы өрттен соң Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігін қатаң сынап, шұғыл тапсырмалар берді
Түркістан өңіріндегі он екі адамның өмірін жалмаған сұмдық оқиғадан кейін Үкімет шұғыл қимылға көшті. Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты органдардың жұмысын сынға алып, қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді міндеттеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Үкімет отырысы Алғабас ауылындағы отбасының қазасына орай көңіл айтудан басталды. Олжас Бектенов зардап шеккен әулетке мемлекет тарапынан қажетті материалдық және медициналық көмектің толық көрсетілетінін жеткізді.
Премьер-министр жылу маусымы басталғалы бері тілсіз жаудың тыйылмай тұрғанын айтты. Қазан айында ғана талқыланған мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппай отырғаны Үкімет басшысының наразылығын тудырды.
«Жалпы, жылу беру маусымының басталуымен тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының саны өсіп барады. Біз бұл мәселені қазан айында Үкімет отырысында қарадық. Алайда, жағдайдың жақсарғанын әзірге көріп отырған жоқпыз», — деді Олжас Бектенов.
Осыған орай, Төтенше жағдайлар министрлігіне жұмысты ширату тапсырылды. Енді орталық және жергілікті органдар жұмыла кірісіп, өрттің алдын алу шараларын күшейтпек. Ішкі істер министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын үйлерді, жатақханалар мен хостелдерді жаппай аралап, рейд жүргізу міндеттелді.
Сондай-ақ, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалануды қадағалайтын инспекцияның жұмысы жанданады. Ал Мәдениет министрлігі мен жергілікті атқамінерлерге бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халыққа қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жүктелді.
Қазіргі таңда Президенттің тапсырмасымен құрылған Үкіметтік комиссия оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Тексеруге Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етуде.
Еске сала кетейік, 18 қараша күні Түркістан облысы Алғабас ауылындағы жер үйден шыққан өрт үлкен шаңырақты ортасына түсірді. Қызыл жалыннан 12 адам ажал құшты, олардың тоғызы кәмелетке толмаған балалар. Ең кішісі биыл ғана 2024 жылы дүниеге келген нәресте.
Сол күні марқұмдардың алтауының сүйегі жер қойнына тапсырылды. Үкіметтік комиссия басшысы Қанат Бозымбаев тергеудің алдын ала қорытындысын жариялаған болатын. 19 қарашда апаттан аман қалғандардың бірі есін жиды.
Соңғы жаңалықтар