Алматы метросында студенттен автоматқа арналған оқтар табылды
Алматы метросының «Райымбек батыр» станциясында жүргізілген профилактикалық тексеру барысында колледж студентінен үш жауынгерлік патрон табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жеке тексеру кезінде жас жігіттің сөмкесінен Калашников автоматына арналған болуы мүмкін үш патрон анықталған. Оқиға орнына Жетісу аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақырылып, оқ-дәрілер тәркіленді.
Студент өз түсініктемесінде сөмкенің өзіне тиесілі емес екенін айтқан.
«Бұл менің сөмкем емес. Мен оны досымнан уақытша алып жүргенмін», – деп түсіндірген ол.
Табылған патрондар сараптамаға жіберілді. Сараптама олардың нақты түрі мен жарамдылығын анықтайды. Сонымен қатар полиция оқ-дәрілердің қайдан шыққанын, олардың жас жігіттің қолына қалай түскенін және бұл іске басқа адамдардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерделеніп, процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Соңғы жаңалықтар