Алматы вагон депосының басшысы 110 млн теңге парамен ұсталғаны хабарланды
-
Алматыдағы депо бастығының ұсталғаны расталды
02.06.2026, 12:13
Алматы вагон депосының директоры 110 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Polites News басылымының хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті теміржол саласындағы лауазымды тұлғаның заңсыз әрекетінің жолын кескен. «Алматы пайдалану вагон депосы» филиалының директоры К. Аманбаев аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен өз жұмыс орнында ұсталып, қалалық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ақпарат көзінің мәліметінше, тергеу барысында күдіктінің тікелей нұсқауымен аға қараушылар К. Сапарғалиев пен Ж. Құмғанбаев «ҚазТемірТранс» пен ҚТЖ «Экспресс» және өзге де меншік иелеріне тиесілі жүк вагондарын заңсыз ағытып отырғаны анықталды. Бұл вагондар одан әрі «АГМ-Табыс» серіктестігіне күрделі жөндеу жұмыстарына жіберіліп отырған. Сонымен қатар қылмыстық іс аясында бас мекеменің өзге де лауазымды тұлғалары мен ҚТЖ қауіпсіздік ревизорларының қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Басылымның жазуынша, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл оқиғаның 9 сәуірде болғанын және қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқанын растады. Компания өкілдері сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын және құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептерді анықтау мақсатында депода комплаенс-қызметінің басшылығымен ішкі тексеріс басталғандықтан, тергеу аяқталғанша ҚТЖ қосымша түсініктеме беруден бас тартты.
Politico.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін нақтылау мақсатында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қазақстан темір жолына ресми сауал жолдады. Материал жарияланған уақытта жауап әлі түскен жоқ.
Айта кетейік, Өскеменде жоғары лауазымды судья парамен ұсталғаны расталған еді.
Соңғы жаңалықтар