Ақмола облысында тірі зейнеткерді «өлді» деп тіркеп қойған

02.08.2026 16:33 Қарақат АСЫЛОВА
Ақмола облысында  тірі зейнеткерді «өлді» деп тіркеп қойған
271
Фото: BBC

Ақмола облысының Сандықтау ауданына қарасты Петровка ауылының тұрғыны, зейнеткер Татьяна Журавлева мемлекеттік органдардағы өрескел қателіктің салдарынан ресми түрде «қайтыс болған» адам ретінде тіркеліп кеткен, деп хабарлайды Politico.kz.

Туыстарының айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Көпбейінді медициналық орталығы» басқа адамның өлімін тіркеу кезінде зейнеткердің ЖСН-ын қате енгізіп, оның атына өлім туралы куәлік рәсімдеген.

Осы қателіктің салдарынан әйел адам екі айға жуық уақыттан бері заңды зейнетақысын ала алмай отыр. Жалғыз табыс көзінен айырылған зейнеткердің азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға және күнделікті шығындарын өтеуге мүмкіндігі қалмаған.

Отбасының айтуынша, мәселені шешу үшін бірнеше рет медициналық мекемеге жүгінгенімен, әзірге нәтиже жоқ. Олардың сөзінше, мекеме қызметкерлері телефон қоңырауларына жауап бермейді немесе «күтіңіздер» деген уәдемен ғана шектеледі.

Марқұм деп қате тіркелген зейнеткердің туыстары қызметтік тексеру жүргізуді, деректердің қалай ауысып кеткенін анықтауды, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды және әйелдің барлық бұзылған құқықтарын, соның ішінде зейнетақы төлемдерін толық қалпына келтіруді талап етіп отыр.

Бұл жағдай мемлекеттік құжаттарды рәсімдеу кезінде жіберілген қателіктің азаматтардың өміріне қаншалықты ауыр салдар әкелуі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті. Қазіргі таңда зейнеткер өзінің тірі екенін дәлелдеуге мәжбүр болып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий