Ақмолада екі қыз көлікпен бірге суға батып кетті

12.07.2026 16:30 Қарақат АСЫЛОВА
Ақмолада екі қыз көлікпен бірге суға батып кетті
239

Ақмола облысында екі баланың өмірін қиған қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 11 шілде күні Целиноград ауданындағы су басқан карьерлердің бірінде тіркелген.

Белгілі болғандай, отбасы жасанды су айдынының жағасында демалып, түнеген. Таңертең шомылып болғаннан кейін 9 және 12 жастағы екі қыз киімдерін ауыстыру үшін жағалауда тұрған жеңіл көлікке отырған. Сол сәтте белгісіз себеппен автокөлік өздігінен қозғалып, еңіспен төмен сырғып, суға түсіп кеткен.

Балалардың әкесі қыздарын құтқаруға бірден әрекет жасағанымен, оларды аман алып шығу мүмкін болмаған.

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға туралы хабар түскеннен кейін құтқарушылар мен Астана қаласының ТЖД күштері дереу оқиға орнына жеткен. Ол кезде аумақта полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатқан.

Құтқару жұмыстары барысында мамандар су түбінен жеңіл автокөлікті шығарып, оның ішінен екі кәмелетке толмаған қыздың мәйітін тапты.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Тергеу амалдарын Ақмола облысының полиция департаменті жүргізуде.

Войдите, чтобы оставить комментарий