Ақтөбеде ауызашарда жиһадты насихаттаған ер адам 7,5 жылға сотталды

09.10.2026 • 17:10 Қарақат АСЫЛОВА
Ақтөбеде ауызашарда жиһадты насихаттаған ер адам 7,5 жылға сотталды
225
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбеде ауызашар кезінде терроризмді насихаттаған 30 жастағы ер адам 7 жыл 6 айға сотталды. Ол бұған дейін екі рет сотталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 11 наурызда болған. Ер адам қаладағы саяжайлардың бірінде ауызашар кезінде жиһад тақырыбын қозғаған.

Ол қарулы күреске қатысуды діни міндет ретінде түсіндіріп, жиһадты намаздан жоғары қойған.

Сотта прокурор Ерболат Еренов айыпталушының сунниттік бағытты ұстанғанын айтты. Оның сөзінше, ер адамның діни көзқарасында радикалды салафиттік идеялар мен тәкфиризм белгілері болған.

«Терроризмді насихаттайтын радикалды идеология ықпалында болған. Қоғамдық қауіпсіздікке қарсы экстремистік сипаттағы ауыр санаттағы қылмыс жасаған. Жихадқа қатысу намаздан жоғары тұратынын айтқан. Діни міндет деп түсіндірген», деді прокурор.

Қылмыстық іс аясында дінтанулық, психологиялық және филологиялық сараптамалар жүргізілген. Сарапшылар ер адамның сөздері мен әрекеттерінен терроризмді насихаттау белгілерін анықтаған.

Сотталушы кінәсін толық мойындады.

«Айыпты толық мойындаймын. Ораза кезі болатын. Кімнің үйі екені есімде жоқ. Намаз оқимын. Сунниттік ағымдағы дінді ұстанамын. Жихад мәселесін айттым. Бұрын оқығандарымды айттым. Ол бізде рұқсат етілмеген әдеби кітап болып шықты. Мен ғалымның сөзін айттым. Қатемді мойындаймын», деді ер адам сотта.

Сот оны Қылмыстық кодекстің 256-1-бабы «Терроризмді насихаттау» бойынша кінәлі деп таныды. Оған 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Судья Құдайберген қылмыстың қауіпті қайталануын ескерді. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий