Ресей Қазақстанға есірткі өндіретін қылмыстық топтың басшысын берді
Алматыда есірткі зертханаларын ұйымдастырып, қылмыстық топты басқарды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды. Тергеу мәліметінше, ол бірнеше жыл бойы адамдарды заңсыз іске тартып, олардың әрекетін қашықтан басқарып отырған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Күдікті 2021 жылдан бастап қылмыстық топ құрған деген күдікке ілінген.
Бас прокуратураның мәліметінше, ол Алматыда және еліміздің басқа өңірлерінде мефедрон деп аталатын психотроптық затты заңсыз өндірумен және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрған.
Тергеу дерегінше, күдікті ақшаға мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартып отырған. Топ мүшелері есірткі өндіру, тасымалдау және таратуға қатысты түрлі міндеттерді атқарған. Ал олардың әрекеті Telegram арқылы қашықтан басқарылған.
Екі адам көз жұмған
2024 жылы күдіктінің тапсырмасымен Алматыда бірнеше жасырын есірткі зертханасы жабдықталған.
Сол зертханалардың бірінде психотроптық заттарды өндіру кезінде екі адам ауыр химиялық уланудан көз жұмған.
Алайда Бас прокуратураның мәліметінше, екі адамның өлімінен кейін де қылмыстық әрекет тоқтамаған. Топқа жаңа адамдар тартылып, заңсыз жұмыс жалғасқан.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция есірткі зертханаларының бірін анықтап, жұмысын тоқтатқан.
Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, түрлі жабдықтар, қорғаныш құралдары мен дайын өнім тәркіленген.
Күдікті Ресейде ұсталған
Бас прокуратураның хабарлауынша, қылмыстық топты ұйымдастырды деген күдікке ілінген азамат 2025 жылғы шілдеде Ресей аумағында ұсталған.
Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланған.
Қазір ол тергеу изоляторына қамалды.
Ведомствоның мәліметінше, тағылған айыптар бойынша кінәсі дәлелденсе, күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар