Астанада өзбекстандық профессор тыңшылық жасады деген айыппен ұсталды

27.08.2026 12:29 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Астанада өзбекстандық профессор тыңшылық жасады деген айыппен ұсталды
462
Фото: mnu.kz

Астанадағы Мақсұт Нәрікбаев университетінде сабақ беретін 46 жастағы Өзбекстан азаматы Иқболжон Қорабоев тыңшылық бабымен қамауға алынды. Бұл туралы BBC агенттігінің өзбек қызметі хабарлады.

Ұсталған азаматтың туыстары оған Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы бойынша айып тағылғанын айтады. Бұл бап "шетелдік мемлекет немесе ұйым мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау әрекеттерін" қамтиды. Сонымен қатар заңда шетелдіктердің Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзге де мәліметтермен осындай әрекеттер жасауы көрсетілген.

«3 шілдеде Астанадағы үйіне азаматтық киімдегі бірнеше адам келді. Олар оның тыңшылықпен айыпталып жатқанын айтып, алып кетті», – деді Қорабоевтың атын атамаған туысы.

Атамекені Әндіжан қаласы болып табылатын профессор Астанада әйелі және кәмелетке толмаған 3 баласымен бірге тұрған. Ол елордалық жоғары оқу орнында халықаралық қатынастар пәнінен дәріс оқыған. Сондай-ақ ол Бельгияда орналасқан БҰҰ Университетінің Салыстырмалы аймақтық интеграцияны зерттеу институтының (UNU-CRIS) аға ғылыми қызметкері саналады.

Осы істі бірнеше апта зерттеген басылым тілшілері бұл тақырыптың айналасында үлкен қорқыныш пен құпиялық бар екенін байқаған. Профессормен бірге жұмыс істеген кейбір зерттеушілер аты-жөнін жасыруды сұраған. Ал басқа әріптестері тілшілердің сұрақтарына мүлдем жауап бермеген. Белгиялық институт бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді, бірақ ресми мәлімдеме жасамады. Мақсұт Нәрікбаев университеті де қойылған сұрақтарды жауапсыз қалдырған.

Шетелдік журналистер Өзбекстанның бірқатар ресми органдарына хабарласқан. Олардың қатарында Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Қазақстандағы консулдық бар. Алайда бұл мекемелердің ешқайсысынан ешқандай жауап келмеген.

Politico.kz осы ақпаратқа қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады.

Войдите, чтобы оставить комментарий