Астанада жаңа «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтті
Астанада елімізде құрылып жатқан жаңа «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Съезд барысында партияның бағдарламасы мен негізгі ұстанымдары таныстырылып, ұйым төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды.
Шара соңында Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушысы әрі партияның басқарушылар тобының мүшесі Ренат Бектұров БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, партияның басты мақсаты — әділетті Қазақстан құру.
Партия бағдарламасында бес негізгі құндылық айқындалған. Олар — әділеттілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс. Сонымен қатар партия заң мен тәртіпті негізгі басым бағыттардың бірі ретінде атап өтті.
Қазіргі уақытта «Әділет» партиясы ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркеуден әлі өтпеген. Ренат Бектұровтың сөзінше, құрылтай съезінен кейін партияны тіркеуге қажетті құжаттар тапсырылмақ. Заң бойынша саяси партия құру үшін кемінде 5 мың мүше қажет болса, бастамашыл топ олардың саны 10 мыңнан асқанын мәлімдеді.
Сондай-ақ партия өкілдері өздерін басқа саяси ұйымдарға бәсекелес ретінде қарастырмайтынын айтып, басты назарды өз құндылықтары мен бағдарламаларын жүзеге асыруға бағыттайтынын жеткізді.
Соңғы жаңалықтар